Мұсылман жүрегін дүниеге берілуден сақтануы керек

          Біздей әлсіз құлдарын Исламмен, иманмен, Құранмен және басқа да тауысуға болмайтын сансыз нығметтерімен табыстырған Аллаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын!

      Адамзаттың асыл тәжі болған Мұхаммед Мұстафаға, Оның әулетіне және асхабына салауат пен сәлемдер болсын!

 Зүһд – әртүрлі дүниелік және нәпсілік қалауларға қарсы тұрып, оларға мән бермеу, ішкі жан- дүниені құлшылық және қарым- қатынас әсемдіктерімен безендіру , әрі осы арқылы Алладан өзге бүткіл нәрселердің жүректе ешқандай мән – мағынаға ие болмауын айтамыз.

 Ал зәһид болса, тек күнә немесе харамдардан ғана емес, тіпті күмәнді нәрселерден де сақтанып жүретін, Аллаға деген махаббат пен қорқынышты бірдей ұстап, дүниелік нығметтерді орнымен қолданатын кісі.

 Пайғамбарымыз ﷺ : «Алла ынсапты құлын сүйеді. Жұрттың разылығын алғың келсе, зәһид жан бол.»- дейді(имам ибн Мәжә).

 Зәһид дүниеден тек қажеттісін алады . Яғни, жүріс- тұрысына, өміріне, құлшылығына демеу болатынын ғана пайдаланады. Қомағайлықпен алдына келгенін жалмау зәһидке тән емес. Себебі қомағайдың ажалы – аузында.

 Алла Елшісі үмбетінің дүниеге беріліп кетпесі үшін және де Алланың бергн нығметтеріне шүкір етулері үшін артына мына бір насихатты қалдырған:

 «Жағдайлары сіздердікінен төмендеу болғандарға қараңыздар, сізден жоғарылау болғандарға қарамағыздар. Сонда,Алланың сізге берген нығметтерін қор санамайтын боласыздар» (Мүслим, Зүһд, 9).

 Хасан әл- Басриге (Алла оны рахымына алсын) бір кісі келіп: «Дүние қызығынан баз кешуіңіздің сыры неде?»- деп сұрайды. Ол: «Төрт нәрседе:

1.Ризық- несібемді менен басқа ешкім алмайтынын білем, сондықтан жүрегім жай тапты;

2.Шаруамды өзімнен басқа ешкім жасамайтындықтан өзім айналыстым;

3.Алла Тағала әрбір қимыл-әрекетімді бақылап тұрғанын сезіндім, сондықтан күнә істеуден ұялдым;

4.Алда мені өлім күтіп тұрғанын білем, сондықтан Алламенқауышу күніне дайындық қамын жасадым»,-деп жауап берген екен.

  Әбу Зәр (Алла оған разы болсын) былай дейді:

Пайғамбармен ﷺ бірге Мәдинаның Харра дегенжерінен өтіп бара жатқан едік. Сол мезетте Ухуд тауын көріп қалдық. Расулулла ﷺ :

  • Уа, Әбу Зәр!-деді. Мен:
  • Иә, Расулалла айта беріңіз, тыңдап тұрмын, – дедім. Сонда Алланың Елшісі ﷺ :
  • Жанымда осы Ухуд тауындай алтын болса да, мені қуанышқа бөлемейді. Тек қарызымды төлейтін ақшаны есептемегенде, қасымда артық бір динар ақшаның болуында қаламаймын, -деді.

  Алла Елшісі ﷺ алдына, оң жағына, сол жағына және арт жағына қолдарымен «ақша беріп жатқандай» ишарат жасап :

    «Қасымдағы бар ақшаны Алланың құлдарына таратып беруді қалаймын»-деді. Кейін тағы жолын жалғастырды да былай деді:

    «Дүниеде мал – дүниесі көп болатындар ахіретте сауабы аз болатындар. Бірақ оңына, солына және арт жағына былай, былай, және былай таратып беретіндер – тыс. Дегенмен, ондайлар өте аз» деді(Бұхари. Мүслим).

   Күндердің бірінде Расулуллаға ﷺ бір кісі келіп :

  • Уа, Алланың Елшісі! Маған сондай бір амалды үйретіңізші, нәтижесінде мені Алла жақсы көрсін, әрі адамдар жақсы көрсін! – деді.

    Сонда Пайғамбарымыз ﷺ :

«Дүниеге қатты қызықпа, оған мән берме, сонда Алла сені жақсы көреді. Адамдардың қолындағы нәрселерден де үмітіңді үз, олардан ешнәрсе сұрама, сонда адамдар да сені жақсы көреді» деп жауап берді(ибн Мәжә).

    Қорыта айтқанда, кез келген пенде барлық нәрсенің жаратушысы Алланың разылығын табуға ұмтылып, әрі Оны талап етуі керек. Жүректегі махаббат Аллаға берілетін болса, құлдың бойында зүһд халі көрініс табады. Ал, зүһд халі көрініс тапқан соң ақша, мал- дүние – нәпсілік тұрғыдан түкке тұрғысыз құнсыз болып қалады.

               Жасұлан ЛЕСБАЙҰЛЫ,

     Әт- Тақуа мешітінің наиб имамы