Атырауда өткен «Алтын Орда» конференциясына қатысушылар Сарайшық жеріне тәу етті

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында, Атырауда өткен «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысушыларды Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов бастап келді.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының бастамасымен Сарайшық жерінде құрбандық шалынып, Құран оқылды.

Отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен өткен іс-шара барысында Сарайшық жерінде салынып жатқан мешіт құрылысы таныстырылды.

«Хан Ордалы Сарайшық – Қазақ мемлекеттілігі тарихында айрықша орны, маңызы бар орда. Талай әдеби шығармалардың, дастандардың тууына арқау болған Сарайшықты бүгінде туристерді тартатын ірі рухани ордаға айналдыру мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда. Кешенді жобалар толықтай іске қосылған кезде Сарайшыққа жылына кемінде 700 мың турист келеді деп күтілуде.

Міне, осындай ғаламат тарихы бар Сарайшықта заманауи мешіт болуы қажет. Іргетасы қаланған жаңа мешіт – дініміз бен ділімізді, руханиятымызды, дәстүрімізді насихаттайтын руханият бесігіне айналады деп сенемін» деді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Одан әрі Атырау облысының Бас имамы «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы аясында Сарайшық ауылында арнайы жасақталған этноауылға барып, келушілер назарына ұсынылған тарихи-этнографиялық көрме жұмысымен танысты.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.