Наиб мүфти Ершат Оңғаров Атырауда жұма намазын өткізді (+ ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы Атырау облысына жұмыс сапары аясында қасиетті жұма күні «Иманғали» орталық мешітінде жұма уағызын жүргізді.

«Ғайбаттың зардаптары және жаман ойдан сақтану» тақырыбында өрбіген жұма уағызында ол ғайбат айтудан сақтануға шақырды.

«Қасиетті Құран аятында ғайбат айту адамның өлген бауырының етін жеумен салыстырылуынан да оның қаншалықты үлкен күнә екендігін түсінеміз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Кімде-кім дүниеде мұсылман бауырының етін жесе (ғайбаттап, өсектеп), қиямет күнінде ол адамның еті оған ұсынылып «Оның өлі етін же. Өйткені, сен тірі кезіңде оның етін жегенсің» делінеді», – деген.
Ғайбат айтушының қияметтік жазасы да ауыр болмақ,-деп атап өтті наиб мүфти.

Сондай ақ, наиб мүфти Ершат Оңғаров Маңғыстау облысында өткен XII республикалық Құран сайысында жеңімпаз атанған атыраулық қарилар Нұрислам Ахметжанұлы мен Саламат Насихатұлына шапан жауып, құрмет көрсетті.