Қазақстан митрополиті Бас мүфтиді «Рухани келісім күнімен» құттықтады

Астана және Қазақстан митрополиті Александр ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын 18 қазан – Рухани келісім күнімен құттықтап, хат жолдады.

«Бұл мереке біздің еліміз – берекелі Қазақстанды мекен еткен түрлі ұлт пен мәдениет өкілдерінің бірлігі мен тұтастығының көрінісі болып табылады. Тату көршілік, мейірімділік және өзара түсіністік мұраттарын жүзеге асыра отырып, ұлы игілігіміз – бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға және арттыруға ұмтылудамыз.

Өткен ғасырлардан  бастап бүгінгі күнге дейін республиканың екі жетекші конфессиясының өкілдері – православие мен Исламның ханафи мәзһабы ұлы дала кеңістігінде бауырластық пен келісім әрдайым салтанат құруы үшін бірлесе еңбек етуде» деген Митрополит егемендік жылдары қалыптасқан сындарлы дінаралық және мемлекеттік-конфессиялық қатынастар алдағы уақытта да әртүрлі ұлттар мен діндер өкілдері арасындағы достықты сақтауға, сондай-ақ рухани күшті және адамгершілік жағынан салауатты қоғам құруға ықпал ететініне сенімі мол екенін жеткізген.

«Қазақстандықтар әрдайым бейбіт өмір сүруге және Отанымыздың гүлденуі үшін бірлесіп еңбек етуге мүмкіндік алуын Құдай нәсіп етсін!» делінген Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың құттықтау хатында.