Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаев мәлімдеді.
Сондай ақ, қазіргі таңда ірі қалалар мен жол бойындағы мешіттерді электронды картаға енгізу бойынша жұмыстар басталып кетті.
«Өткен жылы мүфтияттың 30 жылдық мерейтойы аясында шалғай ауылда орналасқан 30 мешітке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында ірі қалалардағы мешітке 97 садақа қабылдау терминалы орнатылды. Жыл соңына дейін тағы 97 садақа терминалы орнатылмақ.
Құлшылық үйлеріне қатысты мәліметтердің электрондық базасы жасалуда. Бұдан басқа осы жылы ірі қалалар мен үлкен жол бойында орналасқан мешіттер электронды картаға енгізіледі. Бүгінде Бас мүфти бастамасына орай мешіттерді қазақы стильде салу жұмыстарына қатысты нақты жобалар жүзеге асуда» деді ҚМДБ Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаев.
Бас мүфти жол бойындағы мешіттерге көңіл бөліп, жолаушы азаматтарға қолайлы жағдай жасау мәселесіне баса назар аударуды тапсырды.
Айта кетсек, ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ресми қабылдауында бұдан былай еліміздегі мешіттер қазақы стильде салынатынын мәлімдеген болатын. Осы игі бастамаға орай ҚМДБ жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды.