Құлшылық жасау кезіндегі ықыластың маңызы

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Барлық мақтау мен мадақ бір Аллаға және оның сүйікті елшісі Пайғамбар Мұхаммедке оның сәлемі болғай!

Ұлы шариғатымыздың негізгі тіректері бес негізге негізделіп құралған1. Олар: Алланың жалғыз, Мұхаммед (Алланың оған сәлемі болсын) оның елшісі екеніне иман келтіру, Бес уақытқы намазды орындау, Рамазан айында ораза ұстау, Зекет беру, шамасы келсе Қажылыққа бару. Мұсылман адам Алланы танып, оған иман келтіріп, Аллаға толықтай мойынсұнса, онда ол кісіге құлшылық жасау парыз болады. Алла елшісі (Алланың оған сәлемі болсын) Муаз ибн Жәбалді Йемен еліне жіберіп жатқан кезде, оған, Йемен еліне барған кезде халыққа алдымен Аллаға иман келтіруге, одан кейін құлшылыққа шақыруды бұйырған еді2.

Яғни, адам құлшылық жасауы үшін алдымен Аллаға иман келтіруі тиіс екен. Иман келтірмеген адамға құлшылық парыз болмайды. Абай атамыз айтқанындай: «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз», шариғат үкімдері де осы реттілік бойынша жүзеге асады. Ендігі кезекте ғибадат-құлшылық тақырыбына кірісетін болсақ, мұсылман кісінің ғұмыры түгелдей ғибадатпен байланысты. Оның Аллаға деген құлшылығымен қоса дүние тіршілігінде де Пайғамбар (Оған Алланың сәлемі болсын) сүннетіне сай өмір сүретін болса, мұның барлығы да ғибадат болып есептелері анық. Шариғи фиқһ кітаптарының барлығы дерлік алдымен осы ғибадат бөлімдерінен бастау алады.

Иман келтірген кісінің ең алғаш жасау керек болған ғибадаты, ол – намаз. Алла Тағала намазды мұсылман адамдарға парыз екенін Құранның бірнеше жерінде басып айтқан3. Ал намаздың өзіне кіріспес бұрын, оның сыртындағы шарттарына да мән берген дұрыс. Пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі болсын) «Тазалық – намаздық кілті», – деп айтқан4. Яғни тазалық деген – дәрет.

Дәретсіз адамның құлшылығы қабыл болмайды. Сондықтан да, құлшылық жасаушы адам алдымен дәретке мұқияттылық танытуы тиіс. Алла Тағала Құран Кәрімде намаз оқушы кісінің дәрет алуы керектігі туралы да баса айтып кеткен5.

Яғни құлшылық жасаушы кісі үшін дәрет алу парыз болмақ. Дәрет – намаз, құран оқу, құранды ұстау, қажылық мәселелерінде т.б жағдайларда қажет болатындықтан, мұсылман кісі осы дәретке аса ұқыпты болып, үнемі дәретпен жүруге тырысуы керек болады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі болсын)  дәреттің маңыздылығы және жай ғана осы дәреттің себебімен Биләлдің жұмақтағы орны туралы айтып кеткен6.

Яғни бұл хадистен жай ғана дәреттің өзі де құлшылық болып есептеліп, тек соның себебімен ғана кісі жұмаққа баруы және осы құлшылық арқылы одан да ұлы құлшылық, намазға жол ашылуы туралы білеміз. Дәретке қатысты толыққанды мәлімет беретін болсақ, сөзіміз осылайша әріқарай тағы да созыла беретіні анық. Сондықтан да, қысқаша айтатын болсақ, фиқһ кітаптары да иман келтіргеннен кейін бірден намаз тақырыбын емес, алдымен тазалық, дәрет бөлімін түсіндіріп, тіпті бұл тақырыпқа қатысты түгелдей кітап арналуы да ғажап емес.

Келесі кезекте намаз тақырыбына көшетін болсақ, бұл құлышылыққа да қатысты кіріспе, оның маңызы, артықшылығы, т.б көптеген мәліметтер кездеседі.

Алла Тағаланың Құран Кәрімдегі мына аяты адамдардың құлшылықта ықыласты болуының қаншалықты маңызды екенін білдіреді: «Ей раббым менің қаңғыртып жібергенің үшін, адам баласына жер бетіндегі жаман дүниелерді жақсы етіп көрсетіп, олардың барлығын адастыратын боламын. Тек ықыласты кұлдарыңды ғана адастыра алмаймын»7.

Аяттан байқағанымыздай, шайтанның арбауынан тек ықыласты құлдар ғана құтыла алады екен. Яғни адам баласы әрбір ісі мен құлшылығында ықыласты болып, Алланың сүйген құлы болуға тырысуы арқылы, ол шайтанның азғыруынан сақталып, жоғары дәрежеге жететініне үміт мол болады.

Тағы сол сияқты ықыластылыққа қатысты Құранда бірнеше аяттар келтірілген: «Сендер қолдарыңмен жасаған іс-амалдарыңа қарай, қатты азапқа душар боласыңдар, тек ықыласты құлдар ғана бұдан алыс болады»8.

Намаздың пайдалары мен оның даналықтары, адамға осы дүние мен ақыретте берер пайдалары өте мол! Оларға жеке-жеке тоқталатын болса, сөз ұзарып, оқушы қауым да жалығып кетері сөзсіз. Сондықтан да, мұндағы бізге ең керекті мәселе – құлшылықтағы ықыластылық болмақ. Пайғамбардың (Алланың оған сәлемі болсын) көз алдында тездетіп намаз оқыған кісіге, Пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) сын айтып, оның қателерін былай деп түзеген болатын еді: ол кісі намаздың әрекеттерін толыққанды орындамай, намазын немқұрайлы оқып жатқанын көріп, Пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) оған намазыңды қайта оқы, сен шынында намазыңды оқыған жоқсың, – деп айтады.

Ол кісі намазын қайта оқып келген кезде, Пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) оған тағы да намазын қайта оқуын бұйырады. Сөйтіп, осы жағдай үш рет қайталанғаннан кейін, ол кісі Пайғамбардан (Алланың оған сәлемі болсын) намазды дұрыс оқудың нұсқасын сұрайды. Сол кезде Пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) намаздың әрбір әрекеттерін асықпай, өз орнымен тынышталған күйде оқы дейді9.

Яғни, намазды мұқияттылық пен аса ықыластылықпен оқу да оның қабыл не қабыл болмауы, дұрыс не дұрыс болмауына тікелей әсер етеді. Басқа бір хадисте, намаз оқу барысында өте көп іс-әрекет жасаған кісіге де Пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) сөгіс айтып, оған намаз үстінде намаз әрекеттерінен бөлек әрекеттерді жасаудың дұрыс емес екенін айтқан. Яғни бір кісі намаз оқып жатып, жан-жағына қарап, басқа да іс-әрекеттреді жасағанын көрген Пайғамбар оған: «Егер де бұл кісінің жүрегі Алладан қорыққанда, онда оның басқа мүшелері де намаз үстінде Алладан қорқып тұратын еді», – деп айтқан еді10.

Намаздың дұрыс болуы, оның дұрыс орындалуы т.б намазаға қатысты шарттарға тікелей байланысты. Ықыластылық құлшылықтың барлығына қатысты болғандықтан, тек намазда ғана емес басқа да құлшылықтар барысында ықыластылық талап етіледі. Мысалы Ораза кезінде тек қана ішіп-жеуден тыйылып, басқа күнәлі істерден тыйылмаған кісінің оразасына Алла мұқтаж емес.

Бұған байланысты Пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) былай деп айтады: «Ораза ішіп-жеумен ғана шектелмейді, шынында ораза бос істермен күнәлі істерден аулақ болумен жүзеге асады, ораза кісіні бір адам балағаттап, онымен ұрыспақ болса, онда ол кісі – мен оразамын, мен оразамын, – деп айтсын»11.

Бұл хадистен де ораза құлшылығындағы ықыластылықты байқаймыз. Тіпті зекет берушінің зекет амалын орындауында, парыз болатын амалдар – зекет беруге деген шынай ниет пен зекет малын кедейлерге қолма-қол табыстау болып табылады. Яғни зекеттің парыздары осы екі амал – зекет беруге деген шынайы ниет пен зекет малын өз иелеріне қолма-қол табыстау.

Тіпті қажылық кезінде де адам баласы Аллаға деген мұқтаждығын білдіру мақсатында, өзін өте қор болған күйде ұстап, Аллаға мұқтаж екенін білдіру де қажылықтағы ықыласты білідреді. Пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) бұған байланысты былай деп айтқан: «Қажылық деген – шәъс пен тафл»12.

Яғни бұл жердегі шәъс және тафл сөздері – қажылық кезіндегі кісінің өзін өте ауыр, шарасыз халде көрсетуі мен сыртқы көрінісін де тұрпайы етіп көрсету, адамға ұнамды иіссу және т.с.с пайдаланатын заттардан алыс болу деген мағынаны береді. Сол секілді басқа да ғибадаттың түрлерінде осы секілді, ықыластылыққа шақыратын мәселелер өте көптеп кездеседі. Барлығына жеке тоқталмай, олардың ішінде ең маңызды түрлерін ғана келтіріп, осы арқылы құлшылық жасап жүрген қауымның құлшылығы Алланың құзырында қабыл болуына теңіз тамшысындай болса да әсер етіп жатсақ, сол біз үшін үлкен мәртебе болар еді.

Тағы да сол секілді, басқа да, ықыласты құлдарды дәріптейтін аяттар мен хадистер жеткілікті-ақ. Бірақ та бізге ең керегі – сол аяттар мен хадистерге мейлінше, лайықты түрде амал ету. Америка елінде ең көп жарнамаланатын нәрсе – ол семіздіктен арылуға қатысты жарнама екен. Бірақ та соған қарамай, статистика бойынша әлемдегі ең көп семіз адамдар осы елде екен.

Бұдан түсінетін нәрсе, ол жарнаманың көптігі емес, сол ақыл-кеңестерге амал ету. Яғни айтпақ болған дүние – амал етілмесе, қаншама аяттар, хадистер, ғұламалардың нақыл сөздерін жаңбыр секілді жаудыра беру пайдасыз болып қалады. Қазақтың Төбе биі Төле би айтқандай: «Ұқпасқа айтқан сөз жетім», дегенге саймай, ықыласты болуға барынша тырысып баққан дұрыс болары анық. Алла Тағала баршамызға тауфиқ беріп, құлшылықтарымызда ықыласты болуға жазғай!

Санат ӨСКЕНБАЕВ,

Атырау селолық мешітінің бас имамы.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Бұхари, Иман кітабы 8.
  2. Бұхари, Жихад кітабы 3038.
  3. Бақара 43.
  4. Әбу Дауд, Тазалық кітабы 61.
  5. Маида 6.
  6. Бұхари, Тахажжуд намазы бабы 1149.
  7. Хижр 39-40.
  8. Саффат 38, 39-40
  9. Бұхари, Азан кітабы 757.
  10. Муснад, Ахмад ибн Ханбал, Муминун 2, Табари тәпсірі.
  11. Муснад, Ахмад ибн Ханбал.
  12.  Сунан Термизи.