Құран арқылы көз тию мен дуаны қалай емдеуге болады?

Біз көз тию және дуа ұғымдарын күнделікті өмірімізде, ағайын-туыс, дос-жарандар арасында көп кездестіріп жатамыз.

Өкінішке орай, осы тақырыпта көзбояушылардың саны апатты түрде көбейіп кетті. Ал халықтың басым бөлігі бұл мәселелерден бейхабар. Осыған орай, оқырмандардың назарына көз тиюден, дуадан және сиқырдан айығудың маңызды тұстарын түсіндіретін материалды ұсынамыз.


Құранмен емдеуші және емделуші нені білуі керек?

  1. Екеуінде де таза ниет болуы керек және белгілі бір адам арқылы Құран оқумен (руқия) емделу тек Ұлы Жаратушының қалауымен болатынына сенуі керек.  
  2. Мұсылманға сиқыршыларға және тағдырды болжайтын адамдарға баруға, олардан емдеу әдістері мен қиындықтарды шешу жолдарын сұрауға, олардың айтқандарына сенуге болмайды (тыйым салынған). Өйткені Мұхаммед Пайғамбарымыз  ﷺ көріпкелдерге барудан және оларға сенуден тыйған. Ол ﷺ айтты: «Алла Тағала көріпкелге барып, одан бір нәрсе сұрап, оның айтқанына сенген адамның құлшылығын қырық күн бойы қабыл етпейді» (Муслим, 2230).
  3. Мұсылман дуаны, көз тиюді сиқыр арқылы, яғни оған ұқсас жолмен кетіре алмайды.
  4. Мұсылман дуаны, көз тиюді жынның көмегімен жоя алмайды; олардың айтқандарына (сыбырлауына) сенбейді.
  5. Мұсылманға сиқыршылар, көріпкелдер, сондай-ақ олардың іс-әрекеттері туралы хабарлайтын кітаптарды оқуға, ақпараттар іздеуге, бейнероликтерді (интернет, теледидар, т.б) көруге болмайды.
  6. Мұсылманға көріпкелдерге бір материалмен немесе фотосуретпен баруға болмайды.
  7. Мұсылманға көз тиюді, дуаны, т.б. кетіру үшін басқа сенімдегі адамдарға баруға болмайды.
  8. Мұсылманға харбиядан (мұсылмандарға жаугершілікпен қарсы, күпірліктегі адам) басқа сенімдегі адамдарға Құран оқу арқылы ем жүргізуге болады.
  9. Мұсылманға емдеу (Құран оқу) кезінде махрамнан (шариғат рұқсат еткен әйелдерден) басқа әйелдерге (жалаңаш қолымен) тиюге болмайды.
  10. Мұсылман науқас әйелді махрамсыз (күйеуі, ағасы, ұлы, әкесі) жабық есіктің артында (оңашада) емдей алмайды. Бірақ әйелмен бірге махрамы болса немесе әйелдер көп болса – болады, өйткені бұл халват (оңаша қалу) емес.
  11. Хайыз-нифас кезінде (шариғат бойынша намаз оқуға болмайтын кезде) әйелдер және толық дәретті қажет еттіретін кезде (жүніп кезде) адам Құраннан басқа кез келген дұғаны оқи алады.
  12. Бірақ мұндай адамдар (хайыз, нифастағы әйелдер және жүніп адамдар) Құран және басқа дұғалар оқылған суды (және басқа емдеу құралдарын) пайдалана алады.
  13. Емдеуші Құран және басқа да дұғаларды оқығанда басқалар оның не оқып жатқанын еститіндей етіп оқығаны абзал.
  14. Мұсылманға Құран сүрелері немесе аяттары, хадистер немесе басқа да дұғалар жазылған бойтұмар өзімен бірге алып жүруге немесе көлікке ілуге, бесікке салуға, үйде  ұстауға рұқсат етіледі, бірақ барлық көмек пен шипа, бәле-жаладан қорғану тек Раббымыздан келеді, бізді барлық жамандықтан сақтайтын Құдіретті Алла ғана екенін білуіңіз керек.
  15. Мұсылман қағазға Құран аяттарын, хадистерді немесе басқа дұғаларды жазып, суға тастап, сондай суды пайдаланып, Құран оқылған суды іше алады.
  16. Көз тигенді кетіру үшін қорғасынды қолдануға келетін болсақ, бұл үшін Құран сүрелері оқылса, бұл жерде тыйым жоқ.
  17. Мұсылманға гипнозшыларға емделуге баруға болмайды.
  18. Құран сүрелерін немесе аяттарын, хадистерді, дұғаларды жазу үшін тыйым салынған жаман құралдарды қолдануға болмайды.
  19. Мұсылманға тақуалардың (пайғамбарлардың, әулиелердің, шейхтардың, ғалымдардың және т.б.) киімдерін немесе олар дәрет алған суды береке мен шипа (ем) алу үшін пайдалануға болады.
  20. Қағбаны жуған суды да ем ретінде пайдалануға болады.
  21. Мұсылман суға, балға, сүтке, зәйтүн майына, рұқсат етілген барлық нәрсеге Құран, хадистерді, дұғаларды оқып, ем ретінде (ішіп немесе жағып) пайдалана алады.
  22. Қандай да бір адамға, малға, көлікке, үйге (не болса да) көз тигені белгілі болса және кімнің көз тигені белгілі болса, ол кісіден жуынуын немесе дәрет алуын сұрау керек. Және көз тиген адам бұл сумен шомылуы керек (жоғарыдан төменге қарай құйып), сондай-ақ көз тиген сол жануарға немесе заттарға шашырату керек. Алла Елшісі ﷺ айтқан: «Егер сендерден кімде-кім толық дәрет алуды сұраса, алыңдар» (Муслим, 2188).
  23. Мұсылманға ем алған тәрізденіп қара тауықты, әтешті немесе қойды сойып, жерге көмуге, қанын жағуға болмайды.

Мухаммадхабиб Будуновтың «Денсаулық бақтары» кітабынан

Аударған:

Ержан Қуанышұлы, «Сұлтан Бейбарыс» мешітінің имамы