Құран тыңдаған адамға қандай сауап жазылады?

Құранның мың сан қасиеті бар.

Құранды оқушы да, оны тыңдаушы да өзіне тиесілі жан азығын алары сөзсіз. Тіпті, дәретпен Құран кітабын қолға алып парақтап зер салудың өзі сауапты іс.

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Кімде-кім Алла Тағала кітабынан бір аятты тыңдайтын болса, оған еселеп сауап жазылады. Ал, кімде-кім Алла кітабынан бір аятты оқитын болса, оған (сол аят) қиямет күні бір нұр болды[1]»,-деген.

Құран Кәрімге құлақ салып, тыңдау сауапты амал. Қадірлі Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзі де арнайы Құран оқытып, жан-тәнімен тыңдайтын болған. Бұл туралы Абдулла ибн Масғұд (р.а.): Алла елшісі (с.а.с.): «Маған Құран оқып бер»,-деді. Мен: «Уа, Расул Алла! Сізге оқып берейін бе, (Құран) сізге түсірілді емес пе?,-дедім. Пайғамбар ( с.а.с.): «Ақиқатында, мен басқа біреуден тыңдағанды жақсы көремін»,-деді.

Мен ол кісіге «Ниса» сүресін оқып: «Біз әрбір үмбеттен бір куә келтіргенімізде және сені осылардың үстінен куә етіп келтіргенімізде жағдайлары қалай болар екен?[2]»,-деген жерге келгенімде: «Жеткілікті, тоқта»,-деді. Ол кісіге бұрылып қарағанымда екі жанарынан жас төгіліп жатыр екен[3]»,-дейді.


Демек, Құранды тілмен оқыған сияқты, оған құлақ қойып тыңдау да, зер салып қарау да сауапты амал.

[1] Ахмед [2] Ниса сүресі, 41-аят [3] Муслим

Думан БАЛЫҚШИЕВ,

Жылыой аудандық мешітінің найб имамы.