Қызылқоғалық имамдар Ойылда рухани сапар жасады

Өңірдің бас имамы Болатбек Ұласқанұлының Қызылқоға ауданына сапары барысында аудан имамдарының рухани танымын арттыру мақсатындағы тапсырмасына орай, Қызылқоға ауданының имамдары мен жамағаты «Дархан дала» жобасы аясында Ақтөбе облысы, Ойыл ауданына арнайы сапармен барып қайтты.

Сапар барысында қос тарап ұлттық спорт түрлерінен – асық ату мен садақ тарту бойынша достастық сайыстар өткізді. Жарысқа Ақтөбе облысынан Ойыл, Қобда және Темір аудандарының имамдары мен жамағаты белсене қатысты. Нәтижесінде, Қызылқоға ауданының құрамасы бірінші орынды иеленіп, ұлттық рух пен бірлік үлгісін көрсетті.

Сапар барысында Ойыл аудандық мешітінің ұйымдастыруымен қонақтарға жергілікті тарихи мұражай мен бірқатар рухани орындар таныстырылды. Қызылқоғалық делегация бабалар ізі қалған қасиетті мекендермен танысып, өңір тарихына шолу жасап, тағылымды мәліметтерге қанықты.

Бұл рухани кездесулер қос аудан мешіттері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, діни-ағартушылық бағыттағы ынтымақтастықты арттыра түсті. Жергілікті жамағатпен жүздескен қонақтар бірлік, ынтымақ, рухани жаңғыру туралы ой бөлісіп, өзара тәжірибе алмасты.