Рамазан күнделігі: Атырауда орталық мешітте балалар арасында жарыс өтті (+ ФОТО)

Атырауда орталық “Иманғали” мешітінде балалар арасында рухани сайыс өтті.

Бүлдіршіндер Алланың 99 есімін жаттаудан сынға түсті. Сайыскерлердің білімін мешіт ұстаздары сарапқа салды.

” Алланың 99 көркем есімдері ” атты сайыста, озық білімімен көзге түскен Сұлтан Бейбарыс мешітінің шәкірті Зираш Ислам бірінші орынды жеңіп алды.

Екінші орынға Атырау селолық мешітінің шәкірті Арайлым Қасымқызы лайық деп танылды.

Үшінші орынды Индер аудандық орталық мешітінің шәкірті Даурен Саламатұлы иеленді.

Жеңімпаздарды Атырау облысына арнайы жұмыс сапарымен келген «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Қанат Қыдырмин мен Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы құттықтап, сыйлықтарды табыс етті.

“Шараның мақсаты – балаларға рухани тәрбие беру. Балаларымызды ізгілікке үндеу, есте сақтау қабілеттерін шыңдау” дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Шара соңында сайысқа қатысушыларға, бір топ шәкірттерге Рамазан сыйлықтары табыс етілді.


                         

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.