amin.kz/ 28 сәуір, 2020 жыл. Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының бастамасымен «Иманғали» мешіті жанынан құрылған «Ықыласты бауырлар» қайырымдылық орталығының еріктілері Индер ауданындағы бірнеше ауылдарды аралап, мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратты.
Көктоғай, Өрлік, Есбол, Ынтымақ ауылдарындағы әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасыларды, жалғызбасты қарттардың шаңырағына барып, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік пакеттерін табыс етті.
«Ізгілік акциясы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып жатқан «Қайырымдылық керуені» жобасы қосып отырған үлесіміз. Акция карантин жағдайындағы Рамазанмен тұспа-тұс келіп отыр.
Мың айдан да қайырлы Рамазанның сауабы өзгермейді. Қазіргідей қысылтаяң жағдайда бір-бірімізге көбірек демеу болайық» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Еске сала кетелік, Атырау қаласы және Индер ауданынан бастау алған қайырымдылық акциясы аймаққа қарасты барлық аудандарды қамтиды.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.