Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев онлайн құрбандық шалу мәселесіне пікір білдірді

amin.kz/ 30 шілде, 2020 жыл.  Бұл туралы мемлекет және қоғам қайраткері «Фейсбук» желісіндегі парақшасында жазды.

Енді екі күннен кейін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталады. Бұл мейрамның негізгі шарты құрбандық шалу екені белгілі. Алайда, бүкіл әлемді шарпыған індеттің салдарынан биыл көп саланың өзгеріске ұшырап жатқанын көріп отырмыз. Сондай үрдіс Құрбан айтты да айналып өтпеді.⁣⁣⠀

Нақты айтқанда, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы аурудың таралуына тосқауыл қою және халықтың көп шоғырлануына жол бермеу үшін құрбандық шалу рәсімін онлайн-форматта өткізуді ұсынуда. Ниет еткен азаматтар мен мұқтаж жандардан тапсырыстар қабылдайтын арнайы qurban2020.kz сайты да ашылды.⁣⁣⠀

⁣⠀
Қазіргідей күрделі кезеңде бұл – құптарлық бастама. Өйткені біз үшін, ең алдымен, халықтың денсаулығы мен өмірі маңызды. Сондықтан тәртіп пен талапқа бағынып, сақтық шараларын барынша сақтағанымыз жөн.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Осы ретте биыл бірқатар Сенат депутаттары онлайн-форматта құрбандық шалуды құп көріп, Діни басқарманың жаңа қызметіне жүгінгенін атап өткім келеді. Сондай-ақ, еліміздің барша мұсылман қауымын аталған бастаманы қолдауға шақырамын.