amin.kz/ 24 сәуір, 2020 жыл. Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен әр өңірдегі мешіттерде «Қайырымдылық керуені» жобасы жүзеге асырылып келеді.
Аталмыш жоба аясында Қызылқоға ауданында жүз отбасына азық-түлікпен көмек көрсетілді.
«Қайырымдылық акциясы аясында Қарабау, Жамбыл, Тасшағыл, Көздіқара, Мұқыр, Сағыз, Жасқайрат, Жангелдин ауылдарында тұратын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қамтыдық. Әр отбасына 25 келі болатын бірінші қажеттіліктегі азық жеткізілді.
Осындай қиын жағдайда бір-бірімізге көмек қолын созып, қайырымдылық істерден шет қалмағанымыз жөн» дейді Қызылқоға ауданының бас имамы Мұрат Сұлтанов.
Еске сала кетелік, қайырымдылық акциясына «Қызылқоға құтты мекенім» қайырымдылық қоры мен мешіт жанындағы «Иман жастары» еріктілері атсалысты.