Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ: Сауап есіктері жабылмайды

Мұсылманша күнтізбенің тоғызыншы айы «Рамазан» деп аталады. Халқымыз «Он екі айдың сұлтаны» деп бұл айды ерекше қадірлеген.

Ол «Ережеп пен Шағбан айларында бізге береке бер, Рамазанға аман-есен жеткізе гөр» деп мұсылмандар тілеп, аңсап жететін қасиетті ай. Бұл айда құдіретті Алла Тағала құлдарына ерекше мейірімін төгіп, рақым етеді. Ақ пен қараны ажыратып, адамзатқа дұрыс жол сілтейтін Құран да осы айда түсен.

Жаратушы иеміз былай дейді:

«Рамазан айы – адамзатты тура жолға бастаушы, айқын дәлелдерді һәм ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын өлшемдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай». (Бақара сүресі, 185-аят).
Адамзаттың асылы Мұхаммедке (с.а.у.) ардақты аяттардың түсірілуі осы айдағы қасиетті түндердің бірінде басталды. Ол түн мың айдан да қадірлі Қадір түні. Міне, Алла жазса, биылғы Рамазан айына да жетіп қалдық. Барша мұсылман бауырларды Рамазан айының келуімен құттықтаймын.

Ниет еткендерге: Оразаң қабыл болсын ұстаған жан демекпін. Ораза – Ислам дініндегі бес парыздың бірі. Дінімізде оған ерекше мән берілу себебі сондықтан. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ораза – шыдамның жартысы, ал шыдам – сенімнің жартысы» дей отырып, басқа ешқандай құлшылықтармен салыстыруға келмейтіндей оразаның жоғары тұратынын білдірген.

Өйткені, Алла Тағала өз елшісіне: «Пенденің барлық игі істерін Алла он есе, тіпті одан да жоғары бағалайды. Бірақ ораза не үшін тұтылған болса, сол үшін сауабын, сыйын молынан беремін» дегені белгілі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, Сәуір айының 24 жұлдызы Рамазан айының алғашқы күні. Биылғы Рамазан айы дүбірлі әлем үлкен өзгерісті бастан кешіп жатқан тұста келді. Ол бір жағы қандай жағдайда да Алланы ұмытпай, құлшылықтан жазбау керектігін де ұқтырғандай. Иә, қасиетті Рамазан айының ішіне бүккен сыры мол. Кім өзінің дайындығын пысықтаса, шын ынтасымен күтіп, ықыласпен құлшылық жасаса, бұл айдың шарапатына кенелмек. Енді қасиетті айдың бірқатар ерекшеліктерін тарқатып көрелік.


Рамазан – бірлік айы


Иә, Рамазан айы – қуатты бірліктің айы. Бұл айдағы баршаға ортақ ниет, тілек, дұға, құлшылық, үміт дүйім елдің бірлігі мен ынтымағын жарастыра түседі. Жаратушысы бір, пайғамбары бір, қасиетті кітабы мен бет түзейтін құбыласы бір, көк аспан мен қара жерді мекен еткен жұрт дәйім бірлікте тату ғұмыр кешуі тиіс. Халықтың, жалпы адам баласының мақсат, мұрат, мүдделері тоғысынан туындайтын бірлік ұғымы адамдар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың белгісі.

Қазақ «бірлік болмай тірлік болмас», «бірлік түбі – береке», «алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын түйген. Жарасымды ынтымақты бұзып, бірлікті ыдырататын жайттарға жуымауға, жол бермеуге шақырған. Қазақ ұлтының төңірегіне топтасып, қазақ жерін мекен еткен этнос өкілдері бір қолдың саласындай болып ұйысып отырған болса, ол бірлікті ту етіп көтергеніміздің арқасы. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел жауапкершілігін арқалаған алғашқы күннен-ақ қоғамда әртүрлі пікірлер болғанымен, ұлттың бірлігі қашанда бірінші орында тұруы тиістігін түсіндірді.

Айдай әлемді әбігерге салған пандемия кезінде де «Біз біргеміз» жобасын қолдап, бұл тығырықтан шығатын жол бірлік пен өзара көмекте екенін нұсқады. Елбасы да Қазақстан мемлекетінің түпқазығы бірлік екенін айтудан жалыққан емес. Ол «Егер отбасында бірлік болса, ол берік болады. Егер кәсіпорында бірлік болмаса, ол өркендемейді, ал егер мемлекетте бірлік болмаса, онда ол күйрейді. Сондықтан бірлік – бұл біздің мемлекеттігіміздің түпқазығы» деген болатын. Қасиетті Құранымыз әу бастан мұсылман үмбетін Алланың жібінен мықтап ұстап, ажырамауға шақыруда. Рамазан айы жұрттың жүрегіне тыныштық ұялатып, бейбітшілік пен өзара татулыққа үндейді. Ендеше, бұл айда әуелі отбасымыздан бастап, туыс-туған, ұжым, көрші-қолаң, ел ішінде ынтымақ пен бірлікке дәнекер бола білуіміз керек.


Рамазан – тақуалық айы


«Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз» деп дана Абай атамыз айтқандай, Алланы таныған пенденің құлшылықтан ада өмір сүруі мүмкін емес. Жындар мен адамзатты тек өзіне құлшылық үшін жаратқан Хақ тағалаға жақындай түсудің жолы табанды түрде құлшылық жасауда жатыр. Қасиетті Рамазан – тақуалықты шыңдайтын ай. Бұл айда оразаға ниет ету, сәресіге тұру, ауызашарға асығу, тарауих намаздарын үзбеу, түнде нәпіл тахажжуд намазын оқу, күндіз көп зікір айту, діни кітаптар оқып іліміңді молайту, ардақты елшіге сансыз салауат пен сәлем жолдау, Құранды хатым ету міне бұлардың барлығы да сансыз сауапқа батыратын құлшылық түрлері.

Бұл айда адам өзін ұрыс, дау-жанжалдан алыс ұстай отырып, ислам дінінің бейбіт ұстанымын паш етеді. Күнә атаулыдан бойын аулақ ұстау арқылы тақуалыққа бойын дағдыландырады. Тақуалық адамның ішкі сенімі мен соған лайық амалының, сөзі мен ісінің, ғибраты мен әрекеттің арасындағы үйлесімділікпен жүзеге асады. Адамның сырт келбеті, діни-ғұрыптық киімі оның тақуа екенін көрсетпейді, жүріс-тұрыс, мінез-құлқы, ахлақы соған сай болғанда ғана ол адамның тақуалығы аңғарылады. Тақуалыққа жетудің қиындығы да осында. Ішкі сенімнен қуат алған тақуалық адам бойындағы тұрақтылық, табандылық, сабырлылық сияқты асыл қасиеттерінің нығаюына игі ықпал етеді.

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) барлық болмысымен өмір салты ретінде Құранды басшылыққа ала отырып, тұтас адамзатқа әлі күнге ұстаз болып келеді. Сондықтан адам сөзі мен ісінде әрдайым үйлесім құрап, шынайылыққа жете білуі тиіс, бұл жолда оған тақуалықтың көп көмегі тиері сөзсіз. Тақуа құлдар Жаратушы иемен достыққа дейін қол жеткізеді, Алланың уәли (дос) құлдарына ақыретте қайғы-мұң болмасы анық. Ендеше, әр мұсылман қасиетті Рамазан айында пендешіліктері мен өмірде жіберіп алған қателіктеріне өкініш білдіріп, құлшылық, тәубасымен күнәларынан тазарып, тақуалыққа өзін баулуы тиіс. Бұл айда оразаны аса жауапкершілікпен, тақуалықпен тұту керек. Сонда ғана мойнымыздағы міндетімізді адал атқарып, Алланың разылығына жетеміз.


Рамазан – қайырымдылық айы


Сахабалар ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) өте-мөте осы айда дархан пейіл, ерекше мәрттік танытатынын байқаған. Екі әлемнің сырына қанық Алланың елшісі Рамазан айы келгенде қолында барын оңды-солды таратып, сауапты іс жасаудан еш тартынып қалмаған. Ендеше, пайғамбарды жолбасшы еткен мұсылман үмбеті де бұл айда жомарттық танытып, көп қайырымдылық істерге белсене араласуы тиіс. Дінімізде игілік үшін жасалған әрбір жәрдем сол игіліктің өзіндей бағалана түседі.

Ғибадат айында ерекше рухани атмосферада іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға болады. Соңғы жылдары елімізде еріктілерден ерекше белсенділік таныту талап етілуде. Жекелеген бақуатты азаматтардың елге жасап жатқан көмегі халыққа қуаныш сыйлап, көңілдерін демеуде. Халқымыз «Қолы ашықтың – жолы ашық» деп бекер айтпаса керек. Бүгінде осындай қайырымды істердің бел ортасында рухани қара шаңырақ Муфтияттың жүргені баршаға аян.

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы осы мақсатта «Жүрек жылуы» атты республикалық қайырымдылық акциясына бастама көтерген болатын. Осы акцияға Атырау облысының барлық имамдары да үн қосты. «Иманғали» орталық мешітінің жанынан ашылған «Ықыласты бауырлар» қайырымдылық орталығы және «Иман жастары» карантин кезінде халықтың көмекке мұқтаж тобына қажетті бетперде, азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмекпен қарасты. Өңірдегі иманды азаматтарды жинап, басқа да бірқатар игілікті шаралар атқарды. Сын сағатта ішкі бірлігін, өзара жанашырлығын танытқан осындай бірқатар шаралар алда да жалғасын табады деген сенімдеміз.


Рамазан – сабырлық айы


Сабырлық – адам мінез-құлқына тән байыптылық пен ұстамдылықты білдіретін асыл қасиет. Мұсылманға сабырлы мінез жарасады десек, бұл ай баршаны сабырлыққа үйретеді. Таңнан кешке дейін ауыз бекіту, ішіп-жеуден, күнәдан, жұбайымен жақындасудан, ұрыс-керістен тыйылу бұның бәрі төзім, шыдам, сабыр арқылы ғана жүзеге асады. «Сабыр түбі – сары алтын», «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген халық даналығында сабырлылық адамды жамандықтан сақтап, жақсылыққа бастайтын ізгі қасиет ретінде айқындалады. Сабырлылық қажыр-қайратпен ұштасып, ер бойындағы ар, ұждан, ынсап сияқты қасиеттерге негіз болады.


Артынан қу нәпсінің жүгіре берсең,
Бұл нәпсі жүгірістен танған емес.
Нәпсісін тізгіндеген пендесіне
Тозақтың оты кеулеп жанған емес, – деп Қабан жырау өлеңге қосқан нәпсімен күресу – дінімізде ең үлкен жихад болып саналған. Әркім жақсылыққа жетуде әуелгі кезекте өз бойындағы нашар дағдыларымен күресуі қажет.

Абай атамыз «Ескендір» поэмасында «Мықты болсаң, әуелі нәпсіңді жең» деп бекер айтпаған. Ислам сенімінде Жаратушы ие асқан сабырлы. «Ас-Сабур» Алланың ізгі сипаты. Өзінің пенделік әлсіздігіне байлаулы адам үшін «Иеңдей болам деме, иеңе ұқса» деген аталар өсиетіне лайық, ниетін түзеп, ізгілікке ұмтылуы, сабырды өзіне серік етуі рухани дамудың жолы. Ардақты пайғамбарымыз да өмірдегі барлық қиындықтарды сабырымен жеңіп шыққаны белгілі. Ендеше, барша мұсылмандарды сабырлық пен шыдамдылыққа баулитын ай осы Рамазан айы.

Хақ Тағала «Зүмәр» сүресінің 10-аятында сондай сабырлы құлдарына сауабы есепсіз берілетіндігі жайлы былай дейді:
﴿…إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُم بِغَيْرِ حِسَابٍ ١٠﴾
«Расында, сабырлылар сый-сияпатын қисапсыз түрде молынан алады». Тағы бір ескерте кетерлік жайт, мұсылман адам уақытын әрдайым тиімді пайдалана білуі тиіс. Карантин кезінде де бос уақыттарында пайдалы іспен шұғылданып, өзін әрдайым жетілдіріп отыруы қажет. Ардақты пайғамбарымыз «Екі күні бірдей өткен адамның зиянда» екенін ескерткен. «Адам екі нәрсенің қадірін білмейді: денсаулық пен бос уақыт» дегенде де уақыт мәселесіне көңіл бөлу қажеттігін дәйім еске салған. Әлемге Covid-19 вирусы тарауы ол да сынақ. Мұсылман түсінігінде өмір осындай сынақтардан тұрады. Сол сынақтардан сүрінбей өту біздің міндетіміз. Бұдан да өтеміз, бұл да артта қалар. Сүлеймен пайғамбардың жүзігінде жазылғандай: «Бәрі өтеді, бұл да өтер». Дегенмен бұл уақыттарда бірлігіміз бен ынтымағымыз, өзара жанашырлығымыз сынға түскені және ақиқат. Ондай сынақтардың барлығын ақыл, парасат, ынтымақ, бірлікпен еңсеретініміз сөзсіз.


Биылғы карантин жағдайына байланысты мешіттеріміз уақытша жамағат болып құлшылық жасауға жабық, сол себепті азаматтар бес уақыт намаз, ауызашар, тарауих секілді құлшылықтарын үйде атқарады. Осындай құлшылықтар арқылы шаңырағымыздың рухани атмосферасын күшейтіп, имандылығын арттырайық. Баршамызға қасиетті Рамазан айы тағы да құтты болсын! Әр шаңыраққа Алладан амандық, есендік, береке тілеймін!