ЖАМАҒАТСЫЗ ӨТКЕН ЖҰМА: Атырауда азан үздіксіз шақырылуда (ВИДЕО)

amin.kz/4 сәуір, 2020 жыл. Күллі әлемде орын алған төтенше жағдай адамзат баласы үшін үлкен сынақ болып отыр.

Қазақстанмен бірге, әлемнің көптеген мұсылман мемлекеттері жұма намазын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Ондағы мақсат түсінікті – қатерлі індеттің жайылып кетпеуін қамтамасыз ету.

«Ғұламалар кеңесінде жұма намазына қатысты пәтуа шығару оңай болмады. Дін саласындағы барша қызметкерлерге ауыр тиді. Әрине, бұл уақытша сынақ деп есептейміз.

Мұндай шешімді тек біз емес, Түркия, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Қырғызстан, Кувейт, Мысыр сынды әлемнің көптеген мұсылман мемлекеттері қабылдады. Тіпті кейбір елдер азан шақырған кезде халықты үйде намаз оқуға үндеуде. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қай жерде жұқпалы ауру тараған болса ол жерге бармауды және сол жерден кетпеуді бұйырған. Мұндай пәтуа шығарудың шариғатта негізі бар. Мақсат – індетті өзгелерге таратпау.

Мұсылман – өзгелерге қолымен де тілімен де зарар тигізбейтін жан. Мешіт – жамағаттың ең көп жиналатын рухани ордасы. Адам өмірі аманат болғандықтан, оны сақтау – баршаға міндет. ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің бұл шешімін мұсылман жамағаты дұрыс қабылдауда» деп атап өткен еді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бүгінгі таңда еліміздің барлық мешіттерінде Алла разылығы үшін Құран оқылып, дұға жасалуда.

  Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.