Жаңа мешіт салынуда: Бас имам Исатай ауданына жұмыс сапарымен барды

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Исатай ауданына жұмыс сапарымен барып, Жанбай ауылына арнайы ат басын тіреді.

Мұнда аяқтала келген жаңа мешіттің құрылысымен танысты. “Қазіргі уақытта мешіт құрылысы тәмамдала келді. Имам үйі және дәретхана құрылысы жалғасуда. Сапар аясында мешіт құрылысымен танысып, ондағы жұмыстарды ыждағаттылықпен аяқтау туралы тапсырмалар берілді” дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Сапар аясында Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы Жанбайдағы жергілікті емханаға арнайы барып, онда оттегі концентраторы аппаратын табыс етті. Медициналық құрылғыны қабыл алған дәрігерлер пандемия жағдайында мұндай аппараттардың қажеттілігі жоғары екендігін атап өтті.

Сондай ақ, Бас имам Хамит Ерғалиев ауылына арнайы барып, онда мешіт жанынан салынып жатқан тахаратхананың құрылысын көріп шықты.

Сапар туралы толығырақ бейнематериалда жарияланатын болады.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.