Іс-шара барысында Құспан молла мешітінің наиб имамы Елдос Оташбаев Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты №75 мекемесінің (тергеу изоляторы) жеке құрамымен кездесу өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – қызметкерлер арасында діни сауаттылықты арттыру, жат діни ағымдардың теріс идеологиясының алдын алу және дәстүрлі рухани құндылықтарды насихаттау болды.
Наиб имам өз сөзінде қазіргі қоғамдағы діни ахуалға тоқталып, деструктивті діни ағымдардың белгілері мен олардың қоғамға тигізетін кері әсері туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар азаматтардың діни ақпаратты сенімді әрі ресми дереккөздерден алуының маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында Елдос Оташбаев мекеме қызметкерлерімен жүргізіліп жатқан рухани-ағартушылық жұмыстардың тәжірибесімен бөлісіп, жат ағым өкілдерімен және олардың ықпалына түскен азаматтармен жұмыс жүргізу барысында қолданылатын әдіс-тәсілдер жөнінде айтты. Сондай-ақ діни экстремизм мен радикализмнің алдын алуда түсіндіру жұмыстарының, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі ислам қағидаттарын дәріптеудің маңызын ерекше атап өтті.
Шара барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, дін саласына қатысты өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Кездесу соңында қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, жастарды дұрыс діни бағытта тәрбиелеу және рухани қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі айтылды.








