Қоршаған ортаны қорғау күніне орай ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында табиғатты қорғау мен тазалық мәдениетін насихаттауға қосқан үлесі үшін Жылыой ауданы имамдары марапатталды.
Салтанатты шара барысында Құлсары қаласының әкімі Құрманғазы Адинов Жылыой аудандық мешітінің бас имамы Думан Мұратұлына арнайы Алғыс хат табыстап, мешіт ұжымының экологиялық бастамаларға белсенді қатысып, қоғамдық жұмыстарға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Марапаттау рәсімінде қоршаған ортаны қорғау, туған жердің тазалығын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру – әрбір азаматтың ортақ міндеті екені атап өтілді.
«Тазалық – иманның жартысы» деген асыл қағиданы ұстанған Жылыой ауданының имамдары өңірдегі тазалық акцияларына тұрақты қатысып, тұрғындарды табиғатты аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға үндеп келеді.
Бұл марапат – Жылыой ауданындағы дін қызметкерлерінің қоғам игілігі жолындағы еңбегіне берілген құрметтің белгісі.


