Қоғамның тұрақтылығы мен мемлекеттің дамуы заң мен тәртіптің сақталуына тікелей байланысты. Ал заңның үстемдігі әлсіреген жерде қоғамдағы әділдік пен тұрақтылықтың сақталуы да күрделене түсере сөзсіз. Бүгінде Қазақстанда да «Заң және Тәртіп» қағидасына ерекше назар аударылып отыр. Бұл ұстаным азаматтардың құқықтарын қорғауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, мемлекеттік институттардың әділ әрі ашық жұмыс істеуіне бағытталған. Ислам діні де қоғамдағы тәртіпті, әділеттілікті және заңға бағынуды басты құндылықтардың бірі ретінде қарастырады. Өйткені ислам тек құлшылыққа ғана негізделмей, қоғамдағы қарым-қатынастар мен адам өмірінің барлық саласын реттейтін жүйе ретінде танылған.
Құран Кәрімде Алла Тағала: «Негізінен Алла Тағала сендерге аманаттарды өз лайықты орнына тапсыруларыңды және адамдардың арасына билік қылсаңдар, әділдікпен билік қылуларыңды әмір етеді» деп адамдарды әділ болуға шақырады. («Ниса» сүресі, 58-аят). Ислам діні қоғамдағы әділеттілікті сақтап, жауапкершілікпен қарауға ерекше мән беріп, басшы да, қарапайым халық та заң алдында тең болуы қажет деп баға берген. Құқықтық мемлекет ұғымының өзі де осы әділет принципіне негізделген. Егер қоғамда әділет жоғалса, адамдар арасында сенімсіздік, жемқорлық, тәртіпсіздік арта бастайды. Сондықтан ислам діні қоғамдық тәртіпті сақтауды имандылықтың бір бөлігі ретінде қарастырған.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Ақиқатында сендерден бұрынғы үмбеттер егер олардың арасында текті адам ұрлық қылса, оны қоя салатын, ал егер бір әлсіз адам ұрлық қылса, оны жазалайтын. Олар сондай істері үшін жойылып кетті. Алланың атымен ант етемін, егер, тіпті, менің қызым – Мұхаммедтің қызы Фатима бір ұрлық қылса, оның да қолы кесіледі!» деген (Сахих әл-Бухари, №3475 хадис). Бұл хадисте заңның бәріне бірдей болуы керектігін анық көрсетілген. Исламда бай-кедейге, руға немесе мансапқа қарап үкім шығару ауыр күнә болып саналады. Қазіргі құқықтық мемлекеттегі «заң алдында бәрі тең» қағидасы исламның осы әділет ұстанымымен үндесіп жатыр.
Пайғамбарымыздың (с.а.с) Мәдина қаласында құрған қоғамы да заң мен тәртіпке негізделген еді. Тарихта «Мәдина келісімшарты» деген атпен белгілі құжатта мұсылмандар мен өзге дін өкілдерінің құқықтары мен міндеттері нақты көрсетілген. Бұл құжат зерттеушілер тарапынан алғашқы жазбаша конституциялардың бірі ретінде бағаланған. Мұнда қоғамдық қауіпсіздік, өзара көмек, тәртіп сақтау және әділдік мәселелері қамтылған. Демек, ислам діні алғашқы күннен бастап қоғамдағы тұрақтылық пен заңдылықты қорғауға мән берген.
Құран Кәрімде: «Уа Иман келтіргендер! Аллаға, оның пайғамбарларына және араларыңнан шыққан басшыларға мойынсұныңдар!» («Ниса» сүресі, 59-аят). Ислам ғалымдары бұл аятты қоғамдағы тәртіп пен бірлікті сақтаудың негізі ретінде түсіндірген. Атақты тәпсір ғалымы Ибн Кәсир өзінің «Тафсир әл-Құран әл-Азим» атты еңбегінде бұл аяттың мағынасына тоқталып, қоғамда бүлік пен тәртіпсіздік болмас үшін билікке бағынудың маңызды екенін атап өткен.
Омар ибн Хаттаб (р.а), ислам тарихында әділдіктің ерекше үлгісін көрсеткен тұлғалардың бірі ретінде белгілі. Ол халифа болған кезіңде, барлық адамдар заң алдында тең деп қарастырылған.
Халифа Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а) кезінде Мысырды Амр ибн Ас (р.а) басқарған еді. Бір күні Амр ибн Астың ұлы бір мысырлық жігітпен ат жарысына түседі. Жарыста әлгі мысырлық жігіті озып кетеді. Бұған намыстанған әміршінің ұлы:
Мен әміршінің ұлымын! – деп, оны қамшымен ұрып жібереді. Ол мұны әкесінің билігіне сеніп істеген болатын.
Жәбір көрген жігіттің әкесі баласын ертіп, Мәдина қаласына барып, болған жағдайды мүміндердің әміршісі Омар ибн Хаттабқа (Алла оған разы болсын) жеткізеді. Омар (Алла оған разы болсын) істің мән-жайын тыңдап болған соң, Амр ибн Асқа (Алла оған разы болсын) хат жазып, оны ұлымен бірге Мәдинаға шақыртады. Олар келген соң, Омар (Алла оған разы болсын) әлгі мысырлық жігіттің қолына қамшы беріп:
Өзіңді ұрған адамнан кегіңді ал, – дейді. Жігіт әміршінің ұлын дәл өзі ұрғандай етіп қамшымен ұрады. Өзіне жасалған әділетсіздіктің кегін алады. Сонда Омар (р.а):
Егер сен (әкесі) Амр ибн Асты (Алла оған разы болсын) ұрсаң да, мен саған кедергі жасамас едім. Өйткені ол сені әкесінің билігіне сүйеніп, сол себепті ұрды, – дейді.
Содан кейін Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) Амр ибн Асқа қарап: «Адамдарды қашаннан бері құл еттіңдер? Оларды аналары азат етіп туған еді ғой!» – деген сөзін айтады.
Бұл оқиға исламдағы әділеттің нақты көрінісі болып саналады. Бұл жерде билік иелерінің де заңнан жоғары еместігі анық байқалады.
Исламда қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттерге де қатаң тыйым салған. Құранда: «Жер бетінде бұзақылық жасамаңдар» («Ағраф» сүресі, 56-аят) делінеді. Бұл аятта қоғам тыныштығын бұзатын кез келген әрекеттің дінде құпталмайтынын көрсетеді. Терроризм, жемқорлық, ұрлық, өтірік айту, аманатқа қиянат жасау сияқты істер қоғамның дамуына кедергі келтіреді. Сондықтан ислам діні адалдық пен жауапкершілікті басты орынға қояды. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Сендердің әрқайсың бақташысыңдар және сендердің әрқайсыларың баққандарыңа жауап бересіңдер» деген (Сахих әл-Бухари, №7138). Бұл хадис әрбір адамның қоғам алдындағы парызы мен жауапкершілігін терең мағынада ұғындырады.
Қазіргі уақытта қоғамда құқықтық сана қалыптастыру аса маңызды. Заңды құрметтеу тек қорқыныштан емес, ар-ождан мен иманнан туындауы қажет. Егер адам Алланың алдында жауап беру ұстанымын терең түсінсе, ол қоғамға зиян келтірмей, аманатқа қиянат жасамай, заңды бұзушылықтан бойын аулақ ұстайтыны кәміл. Сондықтан дін мен құқық бір-біріне қарсы ұғымдар емес, қоғамның игілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін өзара сабақтас рухани-құқықтық сипатқа ие құндылықтар саналады.
Қорытындылай келе, «Заң және Тәртіп» қағидасы ислам дінінің негізгі ұстанымдарымен толық үндеседі. Ислам әділеттілікті, жауапкершілікті, қоғамдық тәртіпті және заңға бағынуды насихаттайды. Құран аяттары, Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадистері, сахабалардың өмірі мен ислам ғалымдарының еңбектері қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығы заң үстемдігі арқылы орнайтынын дәлелдейді. Сондықтан әрбір азамат заңды сақтауды тек мемлекеттік талап емес, адамдық әрі діни міндет ретінде қабылдауы қажет. Сонда ғана әділетті, қауіпсіз және дамыған қоғам құру мүмкін болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Құран Кәрім, «Ниса» сүресі, 58-59 аяттар; «Ағраф» сүресі, 56-аят.
- Сахих әл-Бухари, №3475, №7138 хадистер.
- Ибн Кәсир, «Тафсир әл-Құран әл-Азим», Дар Тайиба баспасы, 1999.
- ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі, «Бабалар діні – ұрпақтың рухани өзегі», 20.03.2026
Ернат Абдрахов
Нигде Өмер Халисдемир университетінің
PhD докторанты, «Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы


