Алтынбек Ұтысханұлы Сарайшықта мешіт тұрғызу мәселесін көтерді

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Махамбет ауданының әкімі Ринат Джанглишовпен кездесіп, Сарайшық ауылына барды.

Сарайшыққа сапар аясында тарихи музейге ат басын тіреген меймандар жергілікті мешітке арнайы барып, зиярат етті.

«Сарайшық – үлкен тарихи орын. Сарайшық – күллі қазаққа ортақ құндылық. Сарайшыққа арнайы Визит орталығын салу мәселесіне жуырда Президент Қасым – Жомарт Тоқаев та назар аударды. Бұл жоба Атырау облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспарына да енді.

Осындай мемлекеттік деңгейде назар аударылып отырған Хан ордалы Сарайшықтың болашақта туристер тартылатын үлкен орталыққа айналарына сенемін. Осы ретте, Сарайшыққа заманауи әрі қазақы нақыштағы мешіт тұрғызу мәселесін талқылап, жергілікті тұрғындардың да пікірін білуіміз қажет» деді Бас имам тарихи мекенге сапарында.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.