Алтынбек Ұтысханұлы жазасын өтеп жатқан әйелдермен кездесті

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Рамазан айына орай кездесу өткізді.

УГ-157/1 түзеу мекемесінде өткен кездесуде Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы қиындықтарға мойымау, қателіктерден сабақ алу, өмірдің жақсылығын көре білу, бағалай білу тақырыптарында уағыз-насихат айтты.

«Халқымызда «Адасқанның айыбы жоқ – айналып қазығын тапқан соң» деген тамаша тәмсіл бар. Қателігінде қарысып, жаңылғанына жабысып алу – надандық. Сүрінгенінен сабақ алу, шоқты қайта баспау – тазарудың, тура жолға қайтудың шарты. Бұны дінімізде «Тәубеге келу» дейді. Адасудың мән-мағынасы – осы» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Кездесу соңында Бас имам «Ислам таластыра ма, жарастыра ма?», «Оразаға байланысты 200 сұрақ» тақырыбымен жарық көрген кітаптарды мекеменің кітапханасына тарту етті.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.