Ақыреттік дос болудың мәні

Адам баласы жаратылысынан қарым-қатынасқа, тілдесуге, бауырмал өмір сүруге мұқтаж болып келеді.  Өйткені Аса қамқор, Мейірімді Алла Тағала  бүкіл адамзатты бір-біріне бауыр етіп жаратты.

Егер адам жалғыз өзі өмір сүріп, мүлдем ешкіммен тілдеспесе, сөйлеуді-әңгімелесуді ұмытады екен. Түрлі ғылым салаларының зерттеуі бойынша  әрқашан адамдармен жақсы қарым-қатынаста дос болып өмір кешу олардың күш қуаттарын молайтып, өмірге қызығушылықтарын арттырады екен. Әрине достықтың аясы өте кең, мағынасы соғырлым терең.

«Достық»  мағынасын – барлық адамдарға бауырмал болып, жақсы қарым-қатынаста болумен өлшейтін болсақ, асыл дінімізде бүкіл адамды өзімізге бауыр санап, оларға жанашырлық көрсету, және адамдармен көркем мәміледе болу керектігі айтылады. 

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с ) хадистерінде «Сендердің ешбірің өзі жақсы көрген нәрсесін бауыры үшін де жақсы көрмейінше толық иман келтірмейді», (Бухари) «Мұсылманның бауыры алдында алты міндеті бар. Олар: оның берген сәлеміне жауап беру; шақырылған жерге бару; егер бауыры кеңеске мұқтаж болса, онда оған  шынайы кеңес беру; егер бауыры түшкіріп, «әл-хамду лиллә»(Аллаға шүкір) десе, оған «ярхамука Алла» (Алла сені жарылқасын), – деп жауап беру; егер ол ауырып қалса, оны зиярат ету; егер бауыры қайтыс болса, оның жаназа намазына қатысу». (Мүслим) деп насихат еткен. 

Ал «достық» мағынасын – бір адаммен әрқашан бірге болып сыр бөлісер, ол қуанса қуанып, қайғырса қайғыратындай үзілмес берік қарым-қатынас деп қарасақ, бұндай  досты таңдаудың табудың өзі үлкен мәселе болып табылады. Өйткені кім қандай ортада болса, кіммен дос болса соған еліктейді, сондай болып өзгереді.

Қазақ халқында да досты дұрыс таңдай білу туралы насихаттар өте көп, өйткені қойдай момын халқымыз татулық пен бауырмалдыққа үлкен назар аударған. Ата-бабамыз жас ұрпақты  бала кезінен жақсы қасиеттерге баулып, зұлымдық пен жаман мінезді достардан аулақ болуын, «Айрылмастай досыңа қайрылмастай сөз айтпа», «Айтулы достың малы бір, кемедегінің жаны бір», «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» дегендей даналық мақал-мәтелдерімен тәрбиелей білген.

 Оған Үмбетей жыраудың:

«Жаманмен жолдас болсаңыз,
Көрінгенге күлкі етер.
Жақсымен жолдас болсаңыз,
Айрылмасқа серт етер» ,-деген жыр жолдары дәлел емес пе?!

Ия шындығына келгенде адам мен адамның айрылмастай дос болып, бір-біріне үлкен құрмет көрсетуі олардың бір ағыспен жүріп, бір жолды таңдауына септігін тигізеді. Егер ылғи лас, жаман заттармен айналысатын адаммен дос болсаңыз, қанша оған ұқсамаймын десеңіз де, оған бойыңыздың үйренісіп кетуіне ықпал етесіз. Сондықтан да дос таңдауда жүрдім-бардым танысқан кез-келген адамның соңына ермей,  үлкен жауапкершілікпен ойланып,толғанып  шешім қабылдау керек. Бұл қазіргі таңдағы басты мәселенің біріне айналып барады. Себебі адамдар әлеуметтік желілермен уланып, тікелей қарым-қатынасты азайтып бара жатырғаны баршаға аян. Желі арқылы танысқан жастар бір-бірін дұрыс білмей, ерте шешім қабылдап, кейін санын соғып қалып жатады.

Егер дос таңдауда өзінің имамын күшейтіп, дінді үнемі есіне салатын адамды таңдаса, ол адам баласының бұл өмірде де , ахиреттеде пайдасына болады. Бұл турасында адамзаттың асыл тәжі болған ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадистерінде: «Жақсы дос жалғыздықтан жақсы, ал жалғыздық жаман достан жақсы», «Әрбір адам жолдасының дінінде болады. Сондықтан да сендердің әрбірің кіммен жолдас екендігіне қарасын»(Әбу Һурайра),   деп шынайы достықтың алар орны ерекше екенін атап көрсеткен.   Ал қасиетті Құранда Алла Тағала:  «Арақ ішу, құмар ойыны және басқа да Алланы еске алудан алыстататын күнәлі істер жолындағы достық ақиретте опық жегізеді.»,  «Достардың тақуаларынан басқалары сол күні (Қиямет күні) бір-біріне дұшпан болады»[ Зухруф сүресі, 67-аят]«(Қиямет күні залымдар былай дейді) Қап, әттеген-ай! Пәленшені дос тұтпаған болсам еді. Ол мен өзіме жеткен зікірден (Құраннан) алыстатты..» [Фұрқан сүресі, 28, 29-аяттар]делінген.

Дос болған адам әрқашан бір-бірі үшін жаны ашып, қол ұшын беруге асығып тұруы керек. Бірақ достықтың  шекарасынан  шықпаған абзал. Ол туралы Имам Садеқ (ғ.с) : «… достықтың шекарасын сақтай білген шынайы дос болып саналады, егер шектеулі шекараны сақтамаса, онымен дос болма,»- деп айтқан. Ол достықтың шектеулі шекарасын былай деп түсіндірген:

Бірінші, саған деген құпиясы мен шындығы бірдей болу керек (яғни достықта риясыздықты сақтау керек.

Екінші, сенің жақсы-жаман сипаттарыңды өзінің жақсы-жаман сипаты деп санауы керек.

Үшінші, егер жоғарғы дәреже немесе байлыққа жетсе қарым-қатынасы, мінезі өзгермеуі керек.

Төртінші, егер байлыққа ие болса, онда сол байлығымен сенімен тең бөлісуі керек.

Бесінші, қиындық туған кезде сені жалғыз тастамауы керек,- деп түсіндіреді.

Бұндай пәк көңілді достық  үлгісін Пайғамбарымыз (с.ғ.с ) мен оның саңлақ сахабаларынан және асыл сүннетінен ерген шынайы тақуа үмметінің өмірінен көре аламыз. Осындай үлгі аларлық достық:

Бір күні Имам Ахмад қатты ауырып төсек тартып қалады. Бұны естіген досы Аш Шафиғи зиярат етіп, көңілін сұрауға келеді. Досының жағдайын көріп, үйіне келген Аш Шафиғи  өзі төсек тартып қалады. Оны естіген Имам Ахмад бар күшін жинап, досының  хәлін сұрауға келеді. Сонда Аш Шафиғи «Досымның сырқаттанғанын көріп, менде сырқаттандым, досымның аурудан айыққанын көріп, менде айықтым» деген екен.

Ендеше, әрқашан Алла Тағаланы еске алып,  Пайғамбарымыздың (с.ғ.с ) соңынан ерген қуанышта қуанып, қайғыда жәрдем, дінде тірек  болатын ахиреттік шынайы дос бола білейік, мұсылман бауырлар! 

Мұхаммед Сапарұлы, ұстаз.