Асыраушысынан айрылған отбасыларға берілетін жәрдемақы 9% артты

Биыл асыраушысынан айрылған және еңбек ету қабілетінен айрылған жағдайда берілетін төлем көлемі 9 пайызға өсті.

Бұл туралы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры АҚ бас директоры Нұрсұлу Кемел мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Асыраушысынан айрылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлем бала 18 немесе 23 жасқа толғанша беріледі. Аталған төлем бала ата-анасынан айрылған жағдайда тағайындалады. Егер әкесі қайтыс болса, төлем анасына беріледі немесе керісінше. Сол сияқты төлем отбасындағы баланың санына қарай тағайындалады», – деді Нұрсұлу Кемел ОКҚ-де өткен брифинг барысында.

Қор басшысының мәліметінше, қазір елімізде 57 мыңнан астам отбасы асыраушысынан айрылғаны үшін берілетін төлемді алып отыр.

«Бір жылдың ішінде кемінде 7 мыңға жуық жаңа әлеуметтік төлем тағайындалады. Бала 18-ге толғанда төлем автоматты түрде тоқтатылады», – дейді ол.

Сонымен қатар спикер былтыр асыраушысынан айрылғанда берілетін төлемге 27 млрд теңге, ал биыл 6 айда 18 млрд теңгенің жұмсалғанын айтып өтті.

«Биыл 1 қаңтардан бастап асыраушысынан айрылған және еңбек ету қабілетінен айрылған жағдайда берілетін төлем көлемі 5 пайызға артты. Ал биыл 1 сәуірден бастап аталған төлемдердің көлемі тағы 4 пайызға өсті.

Осылайша былтырға қарағанда 9 пайызға артып отыр», – деп толықтырды Н. Кемел. Бұған дейін елімізде 450 мыңға жуық адамның жұмыссыз жүргенін хабарлаған едік. Айта кетсек, өткен жылы 3 мыңнан астам ер адам бала күтіміне байланысты декретке шыққан.