Атырау облысына белгілі ұстаз Нұрлыбек Күзенбаев келді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі, Ақтөбе қаласының бас имамы Нұрлыбек Күзенбаев іс-сапармен Атырауға келді.

Сапардың алғашқы күні ол «Анашым» мешітінде жамағатпен кездесіп, ілімге амал ету тақырыбында насихат айтты.

«Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Расында, ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы білім алу және іздену.  Жалпы Құранда «білу» деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз кездеседі» деп атап өтті ұстаз Нұрлыбек Күзенбаев.

Содан соң «Иманғали» орталық мешіті жанындағы азан радиосында, медиа студияда сұхбат берді. Кешкі құптан намазы алдында орталық мешіт жамағатымен кездесті.

РАНТ мүшесі бүгін Жылыой ауданында болып бірқатар шараға қатысты.