Атырау облысында 84 сәбиге ел Президентінің «Сүйінші» сыйлығы табыс етілді

Атырау облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі күндерінде өмірге келген 84 сәбиге «Сүйінші» сыйқорабы табыс етілді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалының директоры Муса Хайруллиевтың айтуынша, 84 сәбиге табысталған «Сүйінші» сыйқорабында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегі жазылған ашық хат, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы мен баланың тууы туралы куәлігі салынған.

«Президенттің құттықтау хатында «Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!» деп жазылған.

Бұл құттықтау хат 16 және 17 желтоқсанда туған балалардың елге адал қызмет ететін отаншыл болып өсуіне ықпал етеді. Атырау облысында осындай «Сүйінші» сыйқорапты 84 сәбиге табыстадық. Мереке күндері Атырау қаласында 73, Жылыой ауданында 4, Қызылқоғада – 3, Құрманғазыда – 2, Мақатта – 1, Индер ауданында 1 нәресте өмірге келді», – дейді Муса Хайруллиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында Тәуелсіздік мерекесі күндері 56 сәби өмірге келгенін хабарлаған болатынбыз.

«ҚазАқпарат»