Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы жұмыс сапарымен Махамбет ауданына барды. Сапар аясында аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевппен кездесу өтіп, діни ахуал мен рухани тәрбие бағытындағы мәселелер талқыланды.
Кездесуде тараптар жастармен жұмысты күшейту, мешіттердің әлеуметпен байланысын нығайту және дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеу жайын сөз етті.
Аудан әкімі Қайрат Есқабылұлы ауданда мешіттермен тығыз байланыс орнату арқылы жастарға дұрыс бағыт беру жұмыстарында әкімдік қашанда қолдауға дайын екендігін атап өтті.
Облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы өз сөзінде:
«Ихсан – жүрек тәрбиесі. Біз ихсан ілімін қоғамға, әсіресе жастардың санасына сіңіру арқылы адамгершілік пен имандылықты арттыра аламыз. Бабаларымыздың рухани жолы – ислами құндылықтармен астасқан асыл мұра. Сол жолды насихаттау – біздің борышымыз. Мешіттер тек құлшылық орны емес, рухани және тәрбиелік орталыққа айналуы керек– деп атап өтіп, мүфтият баспасынан жарық көрген Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп кітабын аудан басшысына тарту етті.
Өз кезегінде Қайрат Есқабылұлы бас имамның киелі мекенге сапарына тілектестік білдіріп, өр рухты Махамбет Өтемісұлының суретін сыйға тартты.


