Қазіргі жаһандану дәуірінде діни ақпараттың шекарасыз таралуы қоғамның діни сауаттылығына жаңа талаптар қойып отыр. Әсіресе шетелде қалыптасқан діни жамағаттар мен қозғалыстардың Қазақстан аумағында таралуы кезінде олардың діни ұстанымы, қызмет ету тәсілі және елдің қолданыстағы заңнамасына сәйкестігіне назар аудару маңызды. Осындай діни топтардың бірі ретінде Түркияда қалыптасқан «Сүлейменшілер» жамағаты.
«Сүлейменшілер» атауы түркиялық діни қайраткер Сүлеймен Хилми Тунаханның (1888–1959) есімімен тығыз байланысты. Ол Құран ілімін үйретуге және халықтың діни сауатын арттыруға көңіл бөлген тұлға ретінде белгілі. Оның жолын ұстанушылар өздерін Нақшбанди тариқатының «Халидия» тармағына қатыстымыз деп санайды. Сенім мәселесінде Матуриди бағытын, құқықтық мәселелерде «Әбу Ханифа» мәзһабын ұстанатындарын көрсетеді.
Сүлейман Хилми Тұнахан қайтыс болғаннан кейін жамағатқа бірнеше тұлға кезекпен жетекшілік етті. Ал 2016 жылдан бастап Алихан Күріш Сүлейменшілер жамағатының жетекшісі ретінде танылып, қозғалыстың қазіргі кезеңдегі қызметіне басшылық жасап келеді. Сүлейман Хилми Тұнаханның шәкірттері мен ізбасарлары өз қызметін жалғастырып, уақыт өте келе «Сүлейменшілер» деген атаумен белгілі болды. Жамағаттың қызметі Түркиямен ғана шектелмей, Еуропа мен басқа да мемлекеттерде діни білім беру, жатақхана және қайырымдылық бағыттары арқылы таралған.Сүлейменшілердің негізгі бағыттары: «Құран» үйрету және діни білім беру. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен немесе көпбалалы отбасылардан шыққан жастарға жатақхана, тамақ және басқа да материалдық көмек көрсету қоғамдық қорларын құрған.
Алайда кез келген діни ұйымның қызметін бағалауда оның сыртқы атауы мен қайырымдылық сипатынан бөлек, ішкі ұйымдасу жүйесіне, діни білім беру тәсілдеріне және қоғаммен қарым-қатынасына да назар аудару қажет. Қазақстан үшін бұл мәселенің маңызы ерекше. Себебі елдегі діни қызмет заңмен реттеледі. Діни білім беру, діни іс-шаралар өткізу және діни әдебиеттерді тарату белгіленген құқықтық талаптарға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.
ҚМДБ-ның ресми деректерінде «Сүлейменшілер» жамағатының жастарға пансионаттар арқылы діни тәрбие беруі, арнайы діни әдебиеттерді пайдалануы және ішкі тәрбие жүйесінің ерекшеліктері баяндалған. Осыған байланысты, пансионаттарда берілетін діни білім адамның діни түсінігінің белгілі бір топтың көзқарасы аясында ғана қалыптасуына ықпал етуі мүмкін. Бұл өз кезегінде діни сауаттылықтың жан-жақты қалыптасуына кедергі келтіруі ықтимал. Сондықтан жастарға діни білім беру барысында Қазақстандағы дәстүрлі ислам ұстанымы, «Ханафи» мәзһабы мен «Матуриди» сенім мектебінің орны, сондай-ақ зайырлы мемлекеттің заң талаптары түсіндірілгені маңызды.
Қазақстандағы құқықтық талаптар
Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекеттің зайырлы сипатын бекітеді. Осыған байланысты діни бірлестіктер мен діни топтардың қызметі қолданыстағы заңнама шеңберінде жүргізілуі керек.ҚМДБ-ның ресми материалдарында Қазақстан аумағында мешіттен тыс жерде жұма намазын ұйымдастыруға, сондай-ақ заңда белгіленбеген орындарда діни білім беруге және діни рәсімдерді өткізуге қатысты шектеулер көрсетілген. Бұл талаптардың мақсаты діндар азаматтардың құқығын шектеу емес, діни қызметтің заңды әрі қауіпсіз тәртіпте жүзеге асуын қамтамасыз ету. Әсіресе діни білім беру саласында балалар мен жастардың қауіпсіздігі, білім беру стандарттары және ата-аналардың құқықтары ескерілуі қажет.
Сүлейменшілердің діни ұстанымдарын талқылағанда бір маңызды мәселені ескеру қажет: белгілі бір діни жамағаттың дәстүрлі исламнан ерекшеленетін ұйымдастырушылық тәжірибесінің болуы оның барлық мүшесін автоматты түрде «радикал» немесе «экстремист» деп тануға негіз болмайды.Діни ағымға баға беру кезінде нақты фактілерге, ресми құжаттарға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сүйену қажет. Діни көзқарасы өзгеше азаматтарды жаппай айыптау қоғамдағы діни төзімділікке кері әсер етуі мүмкін.
Сонымен бірге қандай да бір топ заңда белгіленген талаптарды бұзған жағдайда оның қызметі тиісті құқықтық тәртіппен бағалануы тиіс. Бұл жерде діни сенім бостандығы мен қоғамдық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды.
Түркиядағы «Сүлейменшілер» жамағаты: қазіргі жағдай
Қазіргі таңда Түркияда «Сүлейменшілер» жамағатының басшылығына қатысты ауқымды тергеу операциясы жүргізілуде. 13 тамызда Анкара Бас прокуратурасының үйлестіруімен елдің 17 провинциясында тінту шаралары өткізіліп, 49 күдіктіге қатысты ұстау туралы шешім қабылданған. Тергеу барысында жамағат басшысы Алихан Күрішті қоса алғанда, 30 адам ұсталғаны хабарланды. Күдіктілерге қылмыстық ұйым құру және басқару, заңсыз жолмен алынған мүлікті заңдастыру, мемлекеттік мекемелерге қатысты алаяқтық жасау және салық заңнамасын бұзу сияқты айыптар тағылғаны көрсетілген. Сонымен қатар, MASAK есебінде жамағат құрылымымен байланысты тұлғалар мен компаниялар арқылы 100 млрд түрік лираcынан астам қаражаттың шетелге шығарылғаны туралы мәліметтер келтірілген. Түркиялық ақпарат құралдарында бұл операция қаржылық қылмыстарға қатысты жүргізілген тергеу аясында жүзеге асырылғаны және Алихан Күрішпен бірге тағы 29 күдіктінің ұсталғаны туралы ақпарат тараған.
Қорытынды
Сүлейменшілер жамағаты Түркияда қалыптасқан, өзін Нақшбанди тариқатының Халидия тармағымен байланыстыратын діни қауымдастық ретінде белгілі. Оның қызметінде «Құран үйрету», «жастарға діни тәрбие беру» және «әлеуметтік қолдау көрсету» бағыттары бар.
Қазақстан жағдайында кез келген діни топтың қызметі елдің заңнамасына және қалыптасқан діни тәртіпке сәйкес жүзеге асуы қажет. Діни білім беру тек заңда белгіленген орындарда және тиісті тәртіппен жүргізілуі, ал діни рәсімдер белгіленген талаптарды сақтауы тиіс.
Сондықтан шетелдік діни жамағаттарға қатысты мәселені эмоциямен емес, нақты дерек, құқықтық талап және діни сараптама негізінде қарастырған жөн. Қоғамның діни сауаттылығын арттыру, жастарға дұрыс діни білім беру және зайырлы мемлекет қағидаттарын түсіндіру – діни радикализм мен деструктивті идеологиялардың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі.
Түркияда «Сүлейменшілер» жамағатына қатысты жүргізілген соңғы операциялар діни ұйымдардың қызметі, қаржылық ашықтығы және заң талаптарының сақталуы мәселелерін күн тәртібіне шығарды. Алайда әлеуметтік желідегі ақпаратты нақты дереккөздермен салыстырып қабылдау маңызды.
Қазақстан үшін мұндай жағдайдың алдын алудың ең тиімді жолы – діни сауаттылықты арттыру және діни қызметтің заң аясында жүзеге асуын қамтамасыз ету. Қолданыстағы заң бойынша діни бірлестіктер мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс, ал миссионерлік қызмет тіркеуді талап етеді. Діни әдебиеттер мен ақпараттық материалдарды таратуға да заңда белгіленген талаптар қойылған.
Сондықтан діни білім іздеген азаматтар күмәнді жабық топтарға емес, білікті мамандарға және ресми діни білім беру орындарына жүгінгені дұрыс. Жастарға ерекше назар аударып, әлеуметтік желідегі діни ақпараттың дереккөзін тексеру мәдениетін қалыптастыру қажет.
Дін – қоғамды бөлетін құрал емес, адамды ізгілікке, жауапкершілікке және бірлікке тәрбиелейтін құндылық. Қазақстанда діни тұрақтылықты сақтау үшін діни сауаттылық, ашықтық, заң талаптарын сақтау және қоғамдық бақылау қатар жүруі керек.
Ернат Абдрахов
Нигде Өмер Халисдемир университетінің
PhD докторанты,
«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы


