Атырау: орталық «Иманғали» мешітінде Наурыз қайырымдылықпен ұласты (+ ВИДЕО)

Ұлық мейрамның құрметіне орталық «Иманғали» мешітінде атыраулықтарға Наурыз көже мен палау үлестірілді.

Бірлік пен тірліктің мерекесі – Наурыз Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінде шағын құрам арасында аталып өтті.

Мерекелік шараға мешіт ұжымы, ақсақалдар және жамағат қатысты.

Шара аясында Наурыз құрметіне келушілерге Наурыз көже мен палау таратылып, ҚМДБ-ның Әйелдер-қыздар секторы жергілікті өкілдігінің ұйымдастыруымен жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Сондай ақ, ер азаматтар арасында күрес, кір тасын көтеру, арқан тартысу, садақ ату сынды ұлттық ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды.

«Наурыз – ежелден келе жатқан ұлттық мереке. Қытымыр қыстан көктемге аман жеткеніне шүкір еткен халқымыз Наурызды ерекше үмітпен қарсы алған. Себебі, табиғат атаулы қайта түлейтін Наурыз жаңарудың символы. Бір-бірін ұзақ уақыт көрмеген ағайынның арасын жақындататын, сағындыра табыстыратын Наурыз – жылулықтың мейрамы» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.