Атырау: Сұлтан Бейбарыс мешітінде құрбандық шалынып, мұқтаж отбасыларға ет таратылды (+ВИДЕО)

Қасиетті Шағбан айының құрметіне Атыраудағы Сұлтан Бейбарыс мешітінде ел амандығы үшін дұға жасалып, құрбандық шалынды.

Осылайша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен, еліміздің түкпір-түкпірінде мешіттерде ізгілік істер жалғасуда.

Құрбандық еті әлеуметтік жағдайы төмен 34 отбасына үлестірілді.

«Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Алла Тағалам, Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ете гөр! Біздерді Рамазанға аман-есен жеткіз!» деп, көп дұға жасаған екен. Шағбан айында Рамазанға дайындық жасаудың мәні өте зор. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Шағбан айы кіргенде өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар» деп өсиет еткен екен. Алла ниетімізді қабыл еткей» дейді Сұлтан Бейбарыс мешітінің имамы Ержан Қағазғалиев.

Еске сала кетелік, осыдан біраз жыл бұрын Сұлтан Бейбарыс мешіті «Аяттан амалға» қайырымдылық жобасын іске қосқан болатын. Аталмыш жоба аясында ұйымдастырылған қайырымдылық акциясын құлшылық үйі эстафетаны Атырау қалалық Құспан молла мешітіне жолдады.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.