Атырауда аналарға құрмет көрсетілді

Аналар күні мерекесіне орай, Атырау орталық мешітінің ерікті жастар жамағатының аналарына құрмет көрсетіліп, рухани кеш ұйымдастырылды.

30-ға жуық адам қатысқан іс – шара барысында Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы салиқалы ұрпақ тәрбиелеп өсірген аналарға алғыс айтты.

«Халық даналығында «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген керемет сөз бар. Бабаларымыз берік ұстанған ислам дінінде де бала тәрбиесіне ерекше мән беріледі. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын ) өсиеттінде: «Сәби дүние есігін ашқанда ата-ананың бала алдындағы үш міндеті болады. Олар-балаға жақсы ат қою, дұрыс тәрбие беру, уақыты келгенде үйлендіру» деген.
Сіздер қоғамның дамуына, асыл дініміздің кеңінен тарауына ықпал етіп отырған, өскелен буын үлгі аларлықтай ұрпақ тәрбиеледіңіз. Сіздерден тараған ізгі ұрпақ бүгінде қоғам байлығы. Алла Тағала әр ісіңізге береке, отбасынызға амандық бергей!» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.