Атырауда «Дін – ғылымның анасы” атты интеллектуалдық сайыс өтті

Атыраудағы “Бақтыгерей молла” мешітінде жамағат “Дін – ғылымның анасы” атты ерекше форматтағы интеллектуалдық сайыста бақ сынасты.

Рамазан айының соңғы он күндігіне орай ұйымдастырылған жарысқа қатысушыларға “Бақтыгерей молла” мешітінің бас имамы Асылбек Тілепбергенұлы сәттілік тіледі.

Алты кезеңнен тұратын білім бәйгесіне алты топ қатысты. Үш адамнан құралған әр құрамаға берілген уақыт пен сұрақтар деңгейі бірдей. Тек кезекті кезеңдерге өткен сайын тапсырма күрделене түсті. Айталық, сайыста діңгегі дінге байланған тарихи, логикалық, сондай-ақ, медиа бағыттағы сұрақтар да болды. Осы секілді қиын да қызықты кезеңдерден сүрінбей өткен құрамалар жүлделі сыйлықтармен марапатталды.

Жарыста жүлде алған топтар тізімі төмендегідей:

1 орын – “Зәм-зәм” тобы
2 орын – “Фирдаус” тобы
3 орын – “Миғраж” тобы

“Құрылымы мен өту барысы ерекше болған бұл жарыс жамағат арасындағы білім деңгейін айқын көрсетті. Көп мешітте көрініс таппайтын мұндай интеллектуалдық дода жастарымыздың дінмен етене танысып, ой ұшқырлығы мен білім көкжиегін кеңейтуге септігін тигізетіні сөзсіз.

Заманауи құралдарды пайдаланып, ерекше форматта өрбіген жарыс жоғары деңгейде өтті. Сайысты ұйымдастырушы мешітіміздің жастар секторына зор алғысымды білдіремін”, – деді «Бақтыгерей молла» мешітінің имамы Асылбек Тілепбергенұлы.