Атырауда «Мәулімберген» мешіті Мәуліт мерекесін атап өтті

Қасиетті «Мәуліт айына» орай, Атырау мешіттерінде рухани шаралар легі жалғасуда.

Мәселен, Атырау қаласына қарасты Тасқала ауылындағы «Мәулімберген» мешітінде ерлер жамағаты және әйелдер жамағаты үшін екі бірдей рухани шара ұйымдастырылды.

Рухани шарада «Мәулімберген» мешітінің имамы Мақсот Бағытжанов қасиетті айдың рухани өзектілігі тақырыбында насихат айтып, белсенді жамағатты марапаттады.

«Бұл айда мұсылман баласы шамасы келгенше шариғатқа негізделген барлық ғибадат-құлшылықтарды орындай беруіне болады. Көп құран оқу, садақа жасау, дүйсенбі, бейсенбі күндері немесе әлі жетсе, пайғамбарға (с.ғ.с.) ұқсап бір күн ораза ұстап, бір күн аузы ашық жүру, бес уақыт намазын мүмкін болса толықтай мешіт жамағатымен бірге оқу, мәуліт дұғасына қатысу, қайырымдылық шараларына атсалысу және тағы басқалар. Сонымен бірге, бұл айда Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айту, Пайғамбар (с.ғ.с) өмірбаянын оқу және мінезді түзеп, бойдағы жаман қасиеттерден арылуға жұмыстануымыз керек» деді «Мәулімберген» мешітінің имамы Мақсот Бағытжанов.