Атырауда «Мәулімберген» мешітінде рухани кеш өтті

Атырау қаласындағы «Мәулімберген» мешітінде Құрманғазы ауданының бас имамы Еламан Бегалиев жастармен кездесті.

Рухани кездесуде ұстаз Еламан Бегалиев «Қәһф» сүреснің тәпсірін айтты.

«Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Кәһф» сүресін («Үңгір») неліктен әр жұма сайын оқуды насихат етті? Себебі, «Үңгір» сүресінің құпиясы әріде жатыр.

Бұл сүреде бірнеше оқиғалар сыры көрініс табады. Аталмыш сүренің құпиясына ой жүгірте отырып, айтылмыш құпиядан қандай сабақ алатындығымызды қарастырайық.

Біріншіден, үңгірдегі адамдар.

Бұл – құдайсыздар қауымындағы Аллаға сенетін жас жігіттер жайында. Олар Аллаға сенетін адамдар болғандықтан, сол қаладағы имансыздардың зұлымдығынан діндерін сақтау мақсатында Алланың разылығы үшін қашып шығып, үңгірді паналайды. Алла жастарға рақымын төгіп, оларды үңгірде күннің сәулесінен жасырады. Ұлы Жаратушыға сенім білдірген иманды жастар 300 жыл өткеннен соң ғана ұйқыдан оянып, дінсіздер тұрған өз қаласына қайта оралады.

Осыдан алынатын сабақ: біздің иманымыз сынақтар арқылы сынға түседі» деп атап өтті ұстаз Еламан Бегалиев.

Және кездесу аясында жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі