Атырауда «Мәулімберген» мешітінде шеберлік сағаты өтті (+ ФОТО)

Атырауда «Мәулімберген» мешітіне қарасты Әйелдер-қыздар секторының өкілі, ұстаз Ардақ Сайынқызының ұйымдастыруымен кимешекті пішіп-тігуге арналған шеберлік сағаты өтті.


Шеберлік сағатына Атырау қажы аналары алқасының төрайымы Жұмагүл Нәсиқызы, аталған алқаның өкілдері, аналар, қыз балалар қатысты.

Шара барысында кимешектің маңызы, оны киюдің тәрбиелік мәні туралы ақпарат берілді. Сонымен бірге, кимешек пішу, тігу жолдарына қатысты практикалық жұмыстар ұйымдастырылды.

«Кимешек – әдетте қарт аналарымыз киген дәстүрлі ұлттық бас киім. Қазақтың әр өңірінің әжелері киетін кимешегі негізінен қарайлас болса да, үлгісі мен өрнегінде кейбір айырмашылық болады. Кимешек ақ матадан тігіледі, бұл ақ түс әже болудың белгісі, оның жиегі астарланып, зерлі жіптермен ою-өрнектер әдіптеледі. Біздің мақсатымыз осындай шеберлік сағаттары арқылы кимешегімізді дәріптеу» дейді ұстаз Ардақ Сайынқызы.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі