Атырауда мешіт жамағаты «Жөнеген» қауымына тазалық жүргізді

Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітінің жамағаты «Жөнеген» зираттар қауымына тазалық жұмыстарын жүргізді.

«Мұсылман зиратының маңайын тазалап отыру – жәй ғана міндет емес, ізгі амал. Осы ізгі амалды өскелең ұрпаққа көркем түрде насихаттау,  дүниеде қадірлі болған мұсылман адамның қабірін аяқасты етпей, құрметпен қарау – міндетіміз» дейді Сұлтан Бейбарыс мешітінің имамы Ержан Қағазғалиев.

Атап өту керек, Алла Тағала Құрандағы «Исра» сүресінің, 70-аятында: «Расында Адам баласын ардақтадық» деп, адамды тірі күнінде де, дүние салғаннан соң да құрметтеуге бұйырған. Асыл дініміз дүниеден қайтқан адамды соңғы сапарына жуындырып, арулап ақ матаға орап, хош иіс сеуіп, жаназасын оқып, құрметпен Жер ана қойнауына тапсырады және одан кейін де дүниеден өткен адамның ары мен абыройын құрметтеуге үндейді. Қайтыс болған адамның есеп-қисап болатын қияметке дейінгі уақытша мекені болған қабірлерді таза ұстау – баршамыз үшін қайырлы іс саналады.