Атырауда мешіттер жамағатты су үнемдеуге шақыруда

Атырауда мешіттердегі тахаратханаларда жамағатты суды үнемдеуге шақырған маңдайшалар ілінді.

Ондағы мақсат – әлемдік деңгейде тапшылығы сезіліп отырған су мәселесіне жамағаттың назарын аудару.

Еске сала кетсек, жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында су тапшылығы қаупі жоғары өңірлерді атап, су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізуді тапсырған болатын.

«Шыны керек, біз суды тым орынсыз жұмсаймыз. «Судың да сұрауы бар». Бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, тиімді тұстарын алу қажет. Елді сумен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет, ұлттық қауіпсіздік мәселесі деуге болады. Өнеркәсіпте, агросекторда, коммуналдық шаруашылықта, жалпы, барлық салада суды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше мән беру қажет» деді Мемлекет басшысы.