Атырауда мүфтият атынан ауызашар берілді (+ ФОТО)

Атырауда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан ауызашар берілді.

Еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, руханият, мәдениет саласы қызметкерлері мен жергілікті журналистер қатысқан іс шара 150 адамды қамтыды.

Аталған шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров арнайы қатысып, Рамазан айының қадір-қасиеті, дін мен дәстүрді насихаттау мақсатында мүфтият тарапынан атқарылып жатқан іс-шаралар туралы айтты.

«Рамазан – мейірім айы. Бұл айда еліміз бойынша барлық мешіттерде қайырымдылық шаралары, ауызашармен бірге, рухани бағытта жобалар жүзеге асуда. Ондағы мақсат – адам бойындағы рухани, адамгершілік құндылықтарды дәріптеу. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жастар мәселесін, қоғам тұрақтылығы жайын әрдайым назарда ұстап, жас буынның толыққанды білім алуына, мешіт имамдарымен тұрақты қарым-қатынаста болуларына мүмкіндіктер жасап, тиісінше қолдау білдіріп келеді» деп атап өтті Ершат Оңғаров.

Сондай ақ, белгілі меценат Төкен Танаұлы, Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы Мұрат Сақтайұлы лебіздерін білдірді.

Еске сала кетсек, Атырау облысында мешіттерде күнделікті 3800 адамға ауызашар берілуде. Тарауық намазына қатысушылар үшін 29 күн бойы орталық мешітте тегін автобустар қызмет көрсетті.