Атырауда орамалды арулар байқауы қорытындыланды

Орамалды арулар арасындағы онлайн конкурсты Атырау қалалық Құспан молла мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйел – қыздар секторының жергілікті өкілдігі ұйымдастырды.

Онлайн форматта өткен конкурстың басты шарты – әйел-қыздардың жекелеген оқиғасын үлгі ете отырып, олардың орамалға келу тарихын дәріптеу.

«Конкурста жас ерекшелігіне шектеу қойылмады. Оған аруларымыз, аналарымыз, әжелеріміз де қатысу мүмкіндігін иеленді. Басты талабымыз – орамалға қалай келгендерін қағаз бетіне түсіріп, эссе арқылы жеткізу. Арнайы құрылған комиссия онлайн форматта келіп түскен материалдарды жан-жақты сараптап, көркемдік ерекшелігіне, композициясына назар аударды» дейді ұйымдастырушылар.

«Орамал – шариғат шәлісі» атты байқау қорытындысымен Алуа Камелова жеңімпаз болып танылды.

Сондай ақ, Атырау қалалық Құспан молла мешітінде әйел-қыздар арасында «Алланың 99 есімін» жатқа айтудан жарыс өтті. Рухани бәсекеде Жолдыбике Бағытова үздік шықты.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.