Атырауда орталық «Иманғали» мешітінде Қайырымдылық мекемесінің ұйымдастыруымен кезекті ізгілік акциясы өтті.
Акция аясында әлеуметтік жағдайы төмен 10 отбасына бірінші қажеттіліктегі азық-түлік пакеттері мен құрбандыққа шалынған сиыр малының еті таратылды.
Акция барысында орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы, ұстаз Мұрат Мұстафаев насихат айтты.
«Алла Тағала өмірде орын алатын жайттардың бәрі – жақсылық та, жамандық та бізге жіберілген сынақ екендігін білдіреді. Алла басымызға бір жағдай жібергенде, біз өзімізді қалай ұстаймыз? Қолымыздағы байлыққа шүкіршілік етіп, қиындыққа сабырлық танытамыз ба, әлде тәкаппар, қыңыр боламыз ба?
Алла Тағала былай дейді: «Әркім өлімді татады. Сендерді сынап; жаман-жақсы күйге саламыз. Сондай-ақ бізге қайтарыласыңдар». («әл-Әнбия» сүресі, 35). Алла Тағала былай дейді: «Негізінде малдарыңды және балаларыңды сын деп біліңдер. Алланың қасында зор сыйлық бар». (сура «әл-Әнфал» сүресі, 28)
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.