Атырау имамдары мен мешіт ұстаздары 2025 жылғы қажылық маусымына дайындықты бастап кетті. Қазіргі таңда облыс көлеміндегі барлық мешіттерде арнайы қажылық дәрістері ұйымдастырылуда. Бұл туралы Қажылық бойынша өңірлік жауапты маман Наркес Бағытжанұлы айтты.
Оның айтуынша, әрбір қажының дұрыс әрі шариғатқа сай дайындалуын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі түрде дәрістер өткізіліп жатыр.
– Қажылық – исламның бес парызының бірі. Сондықтан әрбір мұсылман бұл сапарға бармас бұрын діни және рухани дайындық жасауы тиіс. Біз мешіттерде өтіп жатқан дәрістер арқылы қажыларға қажетті мәліметтерді – ихрам кию тәртібі, қажылықтың шарттары мен ритуалдары, денсаулыққа қатысты ескертулерді толықтай түсіндірудеміз, – деді Наркес Бағытжанұлы.
Ол сондай-ақ үлкен қажылықтың мән-маңызын атап өтті.
– Үлкен қажылық, шамасы келген әрбір мұсылманның өмірінде бір рет өтеуі парыз етілген ғибадат. Онда белгілі бір уақыт пен мекенде орындалатын бірнеше негізгі амал бар. Атап айтқанда: ихрамға кіру, Қағбаны тауап ету, Сафа мен Маруа төбелері арасында сағи жасау, Арафат жазығында тұру, Мұздалифада түнету, жамараттарғатас лақтыру, құрбандық шалу, және шаш алдырып не қысқарту сынды рәсімдер орындалады. Бұл амалдардың әрқайсысы – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) сүннетіне сай атқарылатын маңызды құлшылық, – деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, дәрістер тек облыс орталығындағы мешіттермен шектелмей, қала мен аудан мешіттерінде де имам-ұстаздардың қатысуымен тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Жергілікті мешіттерде ерлер мен әйелдерге арналған жеке топтар құрылып, тәжірибелі ұстаздар қажылық жөнінде жан-жақты мағлұмат беруде.
Биылғы жылғы үлкен қажылыққа “Тауаф тревел” компаниясы арқылы парызын өтеймін деушілер үшін жеңілдіктер қарастырылған.



