Атырауда қыздар арасында Құран жарысы өтті (+ФОТО)

Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінің ұйымдастыруымен, әйелдер жамағаты арасында Құран жарысы болып өтті.

Сайыста қатысушылар Құранның 30-шы парасын жатқа айтудан және мәнерлеп оқудан өзара сынға түсті.

Сайыс қорытындысымен жеңімпаз атанғандарды Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы марапаттады.

Барлығы 10 адам қатысқан бәсекеде бірінші орынды Аяулым Заңғарқызы иемденді. Екінші орынды Айдана Қайырова алды. Үшінші орын Әсемгүл Рахметоваға бұйырды.

Рухани шара нәтижесінде бірінші орын иеленген жеңімпазға 100 мың теңге сыйлық берілді. Екінші және үшінші орын иегерлері 75 мың теңге, 50 мың теңге қаржылай сыйақы алды.

«Рамазан – қасиетті Құран түскен ай. Рамазан – рухани жаңғырудың һәм тазарудың айы. Бұл айда Құран оқудың, оны үйренудің және үйретудің сауабы да еселене түседі. Мақсатымыз – рухани тазалықты дәріптеу» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.