Атырауда жастар жетекшісі Дәурен Арапбековке “Шапағат” медалі табысталды

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов өңірдің бір топ азаматына мемлекеттік наградаларды табыстады», – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан жуырда ғана «Қазақстанның еңбек ері» атағын алған белгілі жазушы, өнертанушы Илья Жақановты арнайы құттықтады.

Мәдениет қайраткерінің облыстың руханияты мен елдің мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесі мен өлмес еңбектерін атап өтіп, «бұл біздің өңір үшін асқан мәртебе, зор қуаныш»,-деді.

Одан кейін аймақ басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сай, бір топ атыраулыққа жоғары наградаларды тапсырды.

Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі, сондай-ақ азаматтарды қорғау мен құтқаруда көрсетілген жеке жанқиярлығы үшін «Құрмет» орденімен «облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының олимпиадалық резервін дайындау орталығында» еркін күрестен аға жаттықтырушы Айдос Лекеров, аталған басқарманың жоғары спорттық шеберлік мектебінің нұсқаушысы Дастан Қарасаев пен Жылыой ауданының қоғам белсендісі Дайрабай Елдесбаев марапатталды.

«Шапағат медалімен» Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Атырау облысы бойынша жастар ісі жөніндегі секторының меңгерушісі Дәурен Арапбеков, «SolarА.kz» ЖШС директоры Әсел Жолмұханова, «Еркін, грек-рим және әйелдер күресі федерациясы» ҚБ Президенті Нұрлан Үсеев, «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының құрылтайшысы Әмина Жәрдемқызы наградталды.

Сонымен қатар, кәсіпкерлік саласында жемісті еңбек етіп, елеулі нәтижелерге қол жеткізумен қатар, әлеуметтік салаға да ерекше мән беріп, облыстағы көмекке мұқтаж отбасыларға материалдық қолдау көрсеткен, ел игілігі жолындағы қажырлы жұмысы мен қайырымдылық қызметі үшін «Брандо» зауытының акционері Махмут Мералиев Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен марапатталды.

Мемлекеттік наградаға ие болған азаматтарды құттықтаған облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов: «Өздеріңізге белгілі, биылғы жыл еліміз үшін күрделі оқиғалармен басталды. Атырау жұртшылығы қиын сәтте қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғап, ыңтымақ пен бірлігімізді көрсете білдік. Бүгінгі таңда халқымыздың әл-ауқатын арттыру мен тұрмыс сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар істелуде. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында Жаңа Қазақстанды құруға жол ашатын маңызды бастамаларды ұсынды. Мұның бәрі – еліміздегі саяси реформаларды жандандыру мен мемлекетімізді дамытуға бағытталған. Жалпы мемлекеттің өсіп-өркендеуі — елдің тұтастығы мен азаматтарымыздың қажырлы еңбегіне, сондай-ақ елге деген патриоттық сезімдеріне негізделеді», – деді.

«Еркін, грек-рим және әйелдер күресі федерациясы» ҚБ Президенті Нұрлан Үсеев пен «SolarА.kz» ЖШС директоры Әсел Жолмұханова бұл көтермелеудің артында әр азаматтың еңбегі тұрғанына ерекше тоқталып, алдағы уақытта еліміздің амандығын тіледі.