Атырауға «Халал даму» мекемесінің технологы Айзат Сатаева жұмыс сапарымен келді

Астана қаласынан «Халал даму» мекемесінің технологы Айзат Сатаева Атырау облысына жұмыс сапарымен келді.

Сапар аясында технолог Айзат Сатаева бастаған топ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал стандарт» сертификатын алған тамақтану орындары, кәсіпорындарда тексеру жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге, аталған «Халал стандарт» сертификатын алуға өтінім білдірген компаниялармен арада келіссөздер, түсінік жұмыстары жүргізілді.

Сонымен бірге, әйел жамағаты арасында «Халал – шариғат талабы» атты семинар болып өтті.

Орталық «Иманғали» мешітінде өткен семинар аясында технолог Айзат Сатаева шариғаттағы халал түсінігі бағытында ақпараттар берді.

«Халал сертификаттаудың негізгі мақсаты – халықаралық мұсылман қауымына дін нормаларын сақтауда қызмет ету. Халал сертификат – сіздің өніміңіздің бәсекеге қабілеттігін көрсетеді. Сонымен бірге, ұйымның міндеті – мұсылман қауымы мен халал өндірісінде тағамдардың қадағалануын жеңілдету, халал кепілдігінің тәжірибеден өткен, сенімді жүйесін құру» деп атап өтті технолог Айзат Сатаева.

Еске сала кетелік, «Халал Даму» ЖШС – шариғат нормалары мен халал стандарт тәртібі бойынша стандарттау және сертификаттаумен айналысатын орган.

Серіктестік 2014 жылдың 8 қазанында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылды.