Атыраулық көп балалы отбасыларға үй сертификаты табысталды (+ ФОТО)


Атырауға арнайы келген «Asarume» қайырымдылық қоры екі отбасыға тегін үйдің сертификатын табыстады, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.


Салтанатты табыстау рәсімі Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өтті. Іс-шара барысында бірнеше жылдан бері жалдалмалы пәтерде тұрып келген, баспаналы болуды армандаған, көпбалалы екі отбасы  жаңа қоныс иеcі атанды. Сондай-ақ, үш тұрғынға 500 000 теңге және өзге де жағдайы төмен отбасыларға тұрмыстық техникалар жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен сыйға берілді.


Өңірімізде жұмыс сапарымен жүрген Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зульфия Сүлейменова іс-шараға арнайы қатысып, аталған қайырымдылық ісінің маңызына тоқталды.


– Дана халқымызда «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген нақыл бар. Сондай-ақ, бізде «асар» деген ұғым бар. Яғни, бұл – адамдарға жәрдемдесу, қолқабыс беру ғана емес, мұқтаж адамдарға көмек қолын созу, адамгершілік таныту, қайырымдылық көрсету болып табылады. Міне, қазір сол адамгершілік пен қайырымдылықтың куәсі болып отырмыз, – деді З. Сүлейменова.


Айта кетейік, «Asarume» қайырымдылық қоры Республика бойынша бүгінгі күнге дейін 460-тан астам отбасыға баспана сыйлаған. Ал, Атырау облысында 11 отбасы жаңа қонысын тойлап үлгерді. Қазіргі таңда «Asarume» қайырымдылық қорында 500-ге жуық ерікті бар. «Асар жолы» марафоны 16 шілдеде еліміздің бас қаласынан бастау алған болатын.