Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезекті Аппарат жиналысы өтті.
Күн тәртібінде жеті бағыт бойынша ақпан айында атқарылған жұмыс есебі тыңдалды.
Мәжілісте жеті бағытқа жауапты ҚМДБ бөлім меңгерушілері баяндама жасап, есеп берді. Бөлім меңгерушілерінің есебін тыңдаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының игі іс-шаралары мен бейнедәрістері орталықтан бөлек аудан, ауыл тұрғындарына кеңінен насихатталуы тиіс.
Дінмен сабақтасқан дәстүрімізді халыққа көбірек насихаттауды, осы бағытта көбірек мақала жазуды, бейне уағыздар мен дәріс түсіруді, мешіттерде санитарлық талаптарды ескере отырып, арнайы кездесу өткізуді, қазақ халқының ұлттық ойындарын ұйымдастыру сынды шараларды қолға алуды тапсырамын. Сайып келгенде, мешіттерімізді ихсан ілімінің, дін мен дәстүрдің ошағына айналдыруымыз керек» деді.
Айта кетсек, жыл басында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне бағдарламалық баяндамасын жолдаған болатын. Онда жеті бағыт бойынша жұмыстарға басымдық берілетіні айтылды. Олар – ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие Ихсан ілімі, дін мен дәстүр, жат діни ағымдармен жұмыс.