Біз біргеміз: «Бәйтерек» мешіті ізгілік шарасын Сағыз ауылында жалғастырды (+ ВИДЕО)

amin.kz/ 15 сәуір, 2020 жыл. Қызылқоға ауданының орталық «Бәйтерек» мешіті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан бастау алған «Қайырымдылық керуенін» Сағыз ауылында жалғастырды.

Жергілікті «Қызылқоға – құтты мекенім» қайырымдылық қоры еріктілерінің ұйымдастырылуымен өткен шара Сағыз ауылындағы әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі, көп балалы отбасыларды қамтыды.

«Қазіргідей қиын-қыстау заманда біздер ізгі істер мен дұға жолында бірігуіміз керек. Қасиетті Құран мұсылман баласын әркез сауапты амал жасауға үндейді. Біз біргеміз! Жақсылық жолында жарысайық» дейді Қызылқоға ауданының бас имамы Мұрат Сұлтанов.

Еске сала кетелік, бүгінгі таңда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен еліміздің түкпір-түкпірінде қайырымдылық керуені аясында игі істер атқарылуда.

Атыраудың облыстық және аудан мешіттерінде барлығы алты сиыр малы Алла разылығы үшін құрбандыққа шалынып, құрбан малының еті мұқтаж жандарға таратылды.

Сонымен бірге, Атырау қаласында және аудандарда 3000-ға жуық маска тұрғындарға тегін үлестірілді.

Осындай көптеген қайырымдылық шаралары Атырау қаласы, аудан және ауыл мешіттерінің ұйытқы болуымен кең көлемде жүзеге асуда.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.