Қазіргі ислам әлемінде әртүрлі идеологиялық бағыттар мен ағымдардың пайда болуы діни кеңістіктің күрделенуіне әсер етуде. Осындай бағыттардың бірі – хаддадия ағымы. Бұл ағым салафилік ортадан шыққанымен, кейін өз алдына жеке идеологиялық ерекшеліктерімен таныла бастады. Жалпы алғанда, бірқатар исламтанушылар хаддадия ағымын салафилік ортадан шыққан, алайда діни мәселелердегі қатаң ұстанымдары арқылы мадхалит бағытынан да ерекшеленетін (асып түсетін) радикалды ағым ретінде сипаттайды.
«Хаддадия» атауы Мысырлық Махмуд әл-Хаддадтың есімімен аталады. Алайда қазіргі хаддадия бағытының қалыптасуы көбіне Йемендік уағызшы Яхия әл-Хажуримен тығыз байланысты. Яхия әл-Хажури 1958 жылы Йеменнің Ханжара ауылында дүниеге келген. Бастапқы білімін туған жерінде алғаннан кейін діни оқуын жалғастыру үшін Сауд Арабиясына барады. 1984 жылдан бастап Дәммаждағы «Дарул-Хадис» діни орталықтың жетекшісі болған салафи ғалым Муқбил ибн Һади әл-Уәдиғимен танысып, оның қолында ислам ғылымдарын меңгере бастайды. Оқуын аяқтағаннан кейін ол осы орталықтың жетекшісі қызметін атқара бастады.
Яхия әл-Хажури ұзақ уақыт бойы Йемендегі салафилік ортаның беделді тұлғаларының бірі болып саналған. Оның алғашқы қызметі кезеңінде Муқбил ибн Һади, Ахмад Нажми, Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб Бәнна, Рабиғ Мадхали, Салим Хилали бастаған бірқатар ғалымдар тарапынан оң бағаланғаны зерттеулерде айтылады. Дегенмен 2000 жылдардан кейін Яхия әл-Хажури-дың діни ұстанымдарына қатысты Рабиғ әл-Мадхали, Абдулла әл-Бухари, Ахмад Базмул және Усама әл-Утайби сияқты зерттеушілер тарапынан сын-пікірлер күшейіп, оның кейбір көзқарастарына «ақиқаттан ауытқыды, бидғатшы болды» деген айыптар тағыла бастаған.
Кейбір зерттеулерде хаддадия ағымының шетелдік жетекшілері Абдулла әл-Жарбу, Имад әл-Фарраж, Мұхаммед ибн Ибрахим әл-Мысри және Хишам әл-Биялидің есімдері аталады. Ал Қазақстандық авторлар арасында өзін Әбу Юсуф Абдурахман әл-Казахстани деп таныстыратын тұлға аталған ағымның көзқарастарын қолдап, олардың идеяларын қамтитын мақалалар мен аударма еңбектерін жарыққа шығарған.
Хаддадия ағымының идеологиялық қауіптері:
- Сайлауда дауыс беруді Алланың хақ шариғатын жоққа шығаратын демократиялық жүйе деп есептейді (Яхия әл-Хажури). Яғни шариғатқа қарсы амал деп сайлауға қатыспайды.
- Діндераралық диалогқа қарсы.
- Басқа мұсылмандарға деген қатал көзқарас – хаддадшылар өздерінен өзгеше сенімдегі мұсылмандарды бидғатшылар (дінге жаңалық енгізушілер) деп санап, оларды қатты сынға алады. Тіпті кім олардың пікірінше, бидғатшы атанғандарды бидғатшы санамаса, оны да бидғатшылардың қатарына қосады.
- Діни көзқарастағы қатаңдық – Олар Ислам заңдарын өте қатаң ұстанады және басқа мұсылмандарды да соған шақырады.
- Ғалымдарды мойындамау. Хаддадия өкілдері дәстүрлі Ислам ғалымдарының көбін бидғатшылар қатарына жатқызып, тек өздеріне жақын көзқарастағы адамдарды ғана мойындайды.
- Салафизмнің басқа тармақтарымен келіспеушілік. Олар өздерін таза салафиттер санап, басқа салафилерді де сынайды.
- Такфир бағыты. Өздерімен келіспеген топтың бәрін күпірлікпен айыптау. Сондықтан да сәлем берген адамдарға «сен кәпірсің немесе бидғатшысың» деген айыппен сәлем қайтармайды.
Хаддадия ағымы ислам кеңістігіндегі сәләфилік бағыттардың бір тармағы ретінде қарастырылып, діни мәселелерді түсіндірудегі қатаң ұстанымдарымен және өзге діни көзқарастарға қатысты сыншыл позициясымен ерекшеленуде. Зерттеушілер бұл ағымның кейбір радикалды әдістері мұсылман қауымындағы пікір алуандығына әсер етіп, белгілі бір деңгейде пікір қайшылықтарын туындатуы мүмкін екенін атап өтуде. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай ағымдардың идеялық ерекшеліктері кейбір жағдайларда қоғамдағы діни түсіндірмелердің әркелкілігіне әсер етуі мүмкін.
Қазақстан жағдайында діни тұрақтылық пен рухани тұтастықты сақтау үшін діни білімнің ғылыми негізде қалыптасуы, сондай-ақ ақпараттық кеңістікте таралатын көзқарастарды сыни тұрғыдан бағалау маңызды болып саналады. Ал хаддадия ағымы Қазақстан үшін қауіпті және радикалды ағым болып қала бермек.
Ернат Абдрахов
Нигде Өмер Халисдемир университетінің
PhD докторанты,
«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы


