Индер ауданына қарасты Елтай ауылында мешіт ашылды

Бүгін Индер ауданына қарасты Елтай ауылында жаңа мешіт ашылып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Бұл облыс бойынша қызмет етіп жатқан 48-ші мешіт.

Жаңа мешітке Шәкәрім Құдайбердіұлының есімі берілді. Құлшылық үйінің ашылу рәсіміне Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы барып, жергілікті тұрғындарды құттықтады.

«Дүние тіршілігінде  пенде өзінің артынан ізгі іс қалдыруды қалайды. Бізге бұл дүниеде сауапты амал жасауға мүмкіндік мол. Сондай шексіз сауаптың бірі – халыққа, қоғамға пайдалы ғимарат салудың қатарында мешіт салу. Мешіт – мұсылман қауымның Жаратушы иемізге кіршіксіз құлшылық жасап, шынайы тәубеге келетін, жабырқаған жанына жұбаныш табатын,  арман-тілегін Аллаға ақтарып, дұға тілейтін мінажат үйі. Ал, мешіттің жанынан діни дүниетанымын арттырып, рухани білімін дамытып, тәлім аламын дегендер үшін тәрбие ордасы» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Жаңа мешіт 200 орындық. Онда ерлер, әйелдерге арналған намаз оқу залы, Құран оқу бөлмесі бар. Заманауи таһаратхана да жабдықталған.

Шара барысында Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы мешіттің салынуына ықпал еткен кәсіпкерлерді, демеуші азаматтарды марапаттады.