Ислам тарихындағы тұңғыш дәрігер әйел

Ислам тарихындағы тұңғыш дәрігер әйел, ансарлық сахаба әйел Руфайда бинт Сағд әл- Әсләмия رضي الله عنها  дәрігерлікті кәсіп етіп көптеген жараланған сахабаларды аман алып қалған Алла елшісінің ﷺ көмекшісі жайында біреу білсе, біреу білмейді.

Әлбетте ол Мәдиналық Хазраж руынан шыққан ансарлық сахаба әйел Руфайда бинт Сағд әл- Әсләмия رضي الله عنها. Ол өзінің әкесінен дәрігерліктің қыр-сырын үйренген әрі оқу-жазуды да меңгерген Мәдинадағы сауатты және тұрмысы өте жақсы әйелдердің бірі еді-деген, «Зуһайр Хамдан «Ағламул хадара әл-арабия әл- исламия. 1-том, 33-бет».

Алла елшісі ﷺ Мәдинаға һижрет етіп келгенде ерекше ықыласпен күтіп алып, қуанған жандардың бірі болды. Одан әрі пайғамбармен бірге Хандақ және Хайбар шайқастарына қатысып, әскери дәрігерлік қызметін атқарды, «Ибн Хажар, әл-Исоба фи тәмиизи сахаба, 13-том, 383- бет»-деген.

Өзіне арнайы тігілген ем-дом шатырында жараланған сахабаларды қабылдап, медициналық көмек көрсетті. Хандақ шайқасы күні ансарлық ұлы қолбасшы сахаба Сағд ибн Мұғаздың رضي الله عنه Күре амырына жау жебесі қадалып қалғанда Алла елшісі ﷺ: «Тез арада Руфайданың шатырына жеткізіңдер»-деген.

Хайбар шайқасы болатын күні Руфайда رضي الله عنها қасындағы көмекшілерімен бірге Алла елшісіне ﷺ келіп: «Уа, Алланың елшісі! Шамамыз жеткенше біз де бүгін сіздерге қолұшын бергіміз келеді. Рұқсат етсеңіз, сіздермен бірге Хайбарға аттанайық»,- деді.  Сонда пайғамбар ﷺ : «Алла сендерге береке берсін», деп дұға етіп, рұқсат – берді.

Руфайда бинт Сағд رضي الله عنها Исламдағы тұңғыш көшпелі емхананы құрып, оны өзі басқарып өзге әйелдерді де дәрігерлікке баулыған, хирургиялық ем жасаған сахаба әйел. Оның бір ерекшелігі емге кететін шығынды өз қалтасынан төлейтін болған- деген, «Хажар, «әл-Исоба фи тәмиизи сахаба» 13-том, 383-бет».

Алла елшісі ﷺ Руфайданың رضي الله عنها шатырын жиі зиярат етіп, сахабалардың жағдайын сұрап тұратын. Дәрігерлігімен қатар жомарттығы мен де танылған Руфайда бинт Сағд رضي الله عنها шынайы дәрігердің қандай болу керектігін ісімен, адалдығымен көпке үлгі етіп көрсете білді.

Біләл САҒЫНДЫҚОВ, Мақат аудандық орталық мешітінің Бас имамы.