“Монополия” ойнауға бола ма?

Жылдан жылға үлкен мен кішілерге арналған, жеке және жұптық, онлайн мен офлайн ойындардың түрлері көбейіп барады.

Оған монополия, фант, эрудит секілді ойындарды қосуға болады.

Мұндай ойындар біраз көңіл көтеру, денсаулығын қалпына келтіру, балалардың ойлау қабілеті мен зейінін дамыту, білімге қызығушылығын ояту, тапқырлық пен шапшаңдыққа тәрбиелеу үшін қажет те шығар.

Бірақ ойын ойнап уақытының көбісін босқа өткізсе, ойынға тәуелді болып, сабағына, жұмысына немесе тұрмыстық өміріне зияны тисе, ойынды құмарға айналдырса, ойынның соңы ұрыспен аяқталып, күнәға, қылмысқа барып жатса, онда мұндай ойындардан сақтану керек болады. Ислам діні бойынша мына белгілер табылған жағдайда ондай ойындарды ойнауға тыйым салынады:

  1. Ойынға ақша немесе басқа бір сыйлық тігу (мысалы, ұтылған адам тамақтың ақшасын төлейді немесе жеңімпазға бірдеме сатып алып береді). Бұл құмар болып саналады. Құран Кәрімде: «Олар сенен (мас қылатын) шарап пен құмар ойындарының үкімін сұрайды. Оларға: «Екеуінде де үлкен күнә һәм адамдар үшін бірқатар пайдалар бар. Алайда олардың пайдасынан гөрі күнәсі мен зияны әлдеқайда көп», – деп айт», – деп айтылған («Бақара» сүресі, 219-аят).
  2. Көп уақытын ойынмен өткізіп, мұсылмандық міндетін орындамау (мысалы, бес уақыт намазды қаза ету немесе мүлдем оқымау). Қасиетті Құранда: «Шүбәсіз, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда (яғни әр намаз өз уақытында өтелсін деп) парыз етілді», – делінген («Ниса» сүресі, 103-аят).
  3. Дүние істерін қалдыру (мысалы, жұмысқа бармау, сабаққа қатыспау). Әрбір мұсылман өзінің отбасындағы қарым-қатынасқа және оның әл-ауқатына жауапты. Кез келген көңіл көтеру, ойын-сауық оған кедергі болмауы тиіс.
  4. Ойын барысында алдау, бірін-бірі кеміту, күш көрсету секілді шариғатта тыйым салынған істерді істеу.

Бұл ереже барлық ойындарға қатысты. Осы белгілердің бірі қайсы бір ойында, тіпті «монополия» ойынында табылған жағдайда оны ойнауға тыйым салынады.

Хасан АМАНҚҰЛ,

«Мұнара» газеті, №2, 2022 жыл